Қарағандының сұранысқа ие көміріне жүргізушілер таласып жатыр
Қарағандыда көмір тапшы. Аймақтағы осы отынды шығаратын мекемелердің қақпасында жүздеген көлік кезекте тұр. Жүргізушілер бірнеше күнен бері суықта ас-сусыз жүргендерін айтады. Ал әкімдіктегілер көмірді ең алдымен вагондарға тиіп, өңірлерге жөнелтіп жатырмыз деп ақталады. Өз көліктерімен келгендерді кейін жарылқамақшы екен. Тек сұраныс көбейген соң үлгермей жатқан көрінеді.
Автор: Жаңалық Ахаш
05.10.2017
Күн суықта бүрсеңдеген бұл жүргізушілер бірнеше күннен бері Қарағандыдағы көмір сататын мекемелердің қақпасын торуылдаумен жүр. Кезегін күткен көліктердің саны үш жүзден асқан. Көбісі көршілес облыстардан келіпті. Бірақ көмір тиеуге рұқсат жоқ.
-Азып-тозып келіп жатырмыз. Үш күн болды келгенімізге. Әлі үш күн жатамыз. Не деген масқара? Не ішетін тамақ жоқ. Су жоқ.
Көмір күткендердің шыдамы таусылған. Нағыз кен байлықтың ортасында отырып, бұлай тарығу мүмкін емес деп ашынады. Отын тапшылығын қарағандылық кәсіпорын басшылары бағаны көтеру үшін әдейі істеп отыр дейді жүргізушілер.
Қаби Әбілдинов, көлік жүргізуші:
-Еліміз бай ел ғой. Әдейі істеп отыр. Одан басқа не?
Ал әкімдіктегілер болса биыл сұраныстың көбейігенін айтады. Сондықтан көмір тиеп үлгермей жатырмыз деп ақталады.
Қайрат Шорманбаев, Қарағанды облыстық өнеркәсіп және индустриялық-иновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
-Көмір бар. Тек сұраныс артып кетті. Былтыр қанша көмір өндірдік, биыл да сол көлемде отын шығарып жатырмыз. Тек күн күрт суығандықтан көмір алуға бәрі келіп жатыр.
Қазір Қарағандының өзінде көмірдің тоннасы ең арзаны алты мың мен 14 мың арасында. Ол аймақтарға жеткенше екі есеге қымбаттайды. Дегенмен, осы бағаның өзіне разы болған жүргізушілер отын тиеуге рұқсат берсе деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!