Алматы тұрғындары үй ішінде қолшатыр ұстап ұйықтауға мәжбүр
Алматыда елу жыл бойы жөндеу көрмеген жатақхананың тұрғындары жаңбыр жауса төбеден сорғалайтын суды тоқтататын жан таба алмай отыр. Олардың айтуынша, үш апта бұрын жөндеу жүргіземіз деген құрылыс компаниясы шатырды алып тастап, төбені ашық күйінде қалдырып кетіпті.
05.10.2017
Ашынған ақжаулықты әже жаңбыр жауса сыртқа шелектеп су тасып әлек. Себебі, үнемі төбеден сорғалайтын су тұрғындарды әбден титықтатқан. Олардың айтуынша, үш апта бұрын жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деген құрылыс компаниясы шатырды алып тастапты. «Содан бері ешкім ат ізін салмады» дейді олар.
НҮРИЯ СҮТЕМГЕНОВА, ЖАТАҚХАНА ТҰРҒЫНЫ:
-Үш күн ұйқтамай сүртіп жатырмыз. Кішкентай баламыз бар. Үйдің бәрі көгеріп кетті. Шифр келмей шешіп тастаған. Жаңбырда қалып отырмыз.
Жетпіс бес отбасы күн кешіп жатқан жатақхана 50 жылдан бері жөндеу көрмепті. Сондықтан, биылғы шатыр ауыстыру жұмыстарына 6 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Ал, қыстың қамын жаз ойламаған коммуналдық мекемінің басшысы өздеріне шаң жуытпай, бар кінәні мердігер компанияға аудара салды.
Асылбек Ерғожиев, «Тұрар» ПИК төрағасы:
- Бірақ, материалдары жұқа болып, сметаға сай келмеді. Басқа материалға тапсырыс бердік. Сол кешігіп қалды.
Бір қызығы, құрылыс компаниясы тұрғындарға еш ескертпестен жөндеу жұмыстарын бастап кеткен екен. Сондықтан барлығы қамсыз қалған. Енді қателікті қайталамаймыз деген жұмысшылар, шатырдың келесі қапталын ауыстыратын кезде мына секілді түгелдей ашып тастамай, рет-ретімен жауып отырамыз дейді.
Қуат Беканов, құрылыс компаниясының өкілі:
-Енді уәде береміз, үш күннің ішінде жабамыз барлығын. Бүгін басталды. Екі бригада жұмыс істеп жатыр.
Алайда, тұрғындар үш апта бойы тоқтап тұрған жұмыстың үш күннің ішінде аяқталатына сенбейміз дейді. Тағы да жаңбыр жауса қолшатыр ұстап ұйқтауға мәжбүрміз деген олар, астаң-кестеңі шыққан пәтерлерінің құнын кімнен сұрарын білмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!