Алматы облысында ұшақ апатынан қаза тапқан дәрігер мемлекеттік марапатқа ұсынылуы мүмкін
Санитарлық авиация ұшағының апатқа ұшырауы салдарынын қаза тапқан акушер-дәрігер Талғат Патсаев мемлекеттік наградаға ұсынылуы мүмкін. Бүгін Шымкентте ғалымды ақтық сапарға шығарып салған шенеуніктер осындай бастама көтеретінін айтты. 46 жаста көз жұмған профессормен қоштасуға туыстары мен дос-жарандарынан өзге Оңтүстіктегі әріптестері мен атқамінерлер түгел жиналды. Білікті маманның артында бір ұл, бір қызы қалған. Марқұмның жаназасы ата-анасы тұрып жатқан қара шаңырақта өткізілді.
05.10.2017
Қазақ медицинасы қара жамылғалы екі күн болды. Әуе апатында қаза тапқан профессор, ғылым докторы Талғат Патсаевты бүгін туыстары, әріптестері мен достары ақтық сапарға шығарып салды. Дәрігерлер көздері жасқа шыланса да сезімге ерік бермей шыдап бақса, жақынынан айырылған туыстары еңіреп жатыр.
Белгілі ғалым, химия ғылымдарының докторы Анапия Патсаевтың отбасында дүниеге келген Талғат Патсаев саналы ғұмырын ана мен бала денсаулығына арнады. Соңғы 20 жыл Ұлттық акушерия, гинекология және перинатология орталығында қызмет еткен. Бір сәтке де жұмысын ұмытпаған, тіпті, демалыс күндері телефон арқылы-ақ хәлі мүшкіл пациенттер туралы кеңес беріп, білгенін үйретіп, білмегенін үйреніп жүретін маман еді деп еске алды әріптестері.
Дулат Үдербаев, ОҚО офтальмологиялық ауруханасының бас дәрігері:
-Бұл азаматты мен өзінің ісіне маман, жақсы дос және әріптестерінің арасында өте беделді азамат ретінде білемін. Сондықтан өмірін науқастар үшін қиған азаматымыз өмірден өтіп барады.
Марқұммен қоштасуға күнгейлік ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері келіп, туыстарына басу айтып жатты.
Ерғали Әлімбаев, Арыс аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
-Биязы, байсалды адам еді. Берген өзінің ақыл-кеңестері, жұмыстың барысында бізбен бірге түнде келсе түнімен, күндіз келсе күнімен сол аурудың басы-қасында болатын еді. Мен ойлаймын, мұндай азаматтар бірегей келетін азамататтар дүниеге.
Бала босанған соң есінен танып, ауыр хәлге түскен науқасқа көмек бермекке Шымкентке асыққан Талғат Патсаев шұғыл санитарлық авиация желісі бойынша АН-28-ге отырған. Алайда ұшақ Алматыдан көп алыстамай апатқа ұшыраған болатын. Патсаевпен бірге әріптесі реаниматолог-дәрігер Жәнібек Артықбаев қаза тапты. Ол ертең жерленеді.
Талай науқасты аяққа тұрғызып, ең күрделі деген отаны ойдағыдай жасап келген Талғат Патсаевтың артында бір ұл, бір қызы қалды. Орасан еңбегімен де артына өшпес із қалдырған ғалыммен қоштасуға Денсаулық сақтау министрлігінен де өкілдер келген еді. Астаналық шенеуніктер Талғат Анапияұлын мемлекеттікмарапатқа ұсыну туралы бастама көтеріп жатыр. Ал оның әріптестері мен акушер-дәрігерден шипа тапқан пациенттері қара жамылған отбасына көмек ретінде арнайы есеп-шот ашпақ ниетте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!