{metadescription}
Бензин тапшылығы Алматы мен Астанаға жетті
Бензин тапшылығы Алматы мен Астанаға жетті

Бензин тапшылығы Алматы мен Астанаға жетті

Бензин тапшылығы облыстарды айтпағанда Алматы мен Астанаға да жетті.Бүгін еліміздің ең ірі қос қаланың жүргізушілері күні бойы бензин іздеп, сабылумен болды. Жанармай бекеттерінде ақшаға да отын жоқ. Ал бар жанармай талонмен ғана құйылып жатыр. Халық тапшылыққа тап болғанда жауапты шенеуніктер бәрі ойдағыдай, бағып отырмыз деуден танбай келеді. Ал сол жағалаудағы шенділер шешім қабылдағанша, кейбір операторлар халықты ашындырмаудың қамын жасап, өнімді өлшеп сатуға кіріскен.

Мұнай бар, бірақ бензин табу мұң. Отандастарымыздың күні бүгін отын үшін кезекке телміруден басталды. Елдің бас жанармай операторы "Қазмұнайгаздың" мына орталығында ғана ақшаға бензин бар.

Әйгерім Елеуова, Астана қаласының тұрғыны:

-Бекеттерді аралап келдім, кейбірі жабық, бензині жоқ. Кеше түнде де таппай қайттым үйге. Мына жерде кезек күтіп, небары 20 литр ғана құя алдым.

Жанармайды көп тұтынатын көлік иелері, 20 литрмен жолда қаламыз деп бұрқылдап жүр. Бірақ амал нешік, көнеді. Алайда журналистерді байқап қалған бекет әкімшілігі құбылып шыға келді. Ешқандай шектеу жоқ деп, жолы болған жүргізушілерге қалағанынша құйып жатыр.

Әкімшілік шектеу атымен болған жоқ деп, жүргізушілердің өздерін өтірікке шығарды. Көзбояушылыққа ешқандай түсініктеме бермеді. Ал жоқшылық қаз қалпы Алматыда да қайталанып отыр. Жергілікті билік тапшылық қолдан жасалуы мүмкін деп күдіктеніп, тексеріске шықпақ.

Алмас Мәдиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

-Жергілікті билік табиғи монополиялар реттеу комитетімен бірігіп жанармай қорын тексеруге шығады. Мақсат, бекеттердің бензинді қоймаларды сақтауына жол бермеу. Бәрін бақылап отырмыз.

Бақылағыштардың мәліметі бойынша Алматыда он күндік бензин қоры бар. Бірақ құжатта бар отын, қалада жоқ. Қоғам белсендісі Сырым Абдрахманов, бензин тапшығы Үкімет үшін төтенше жағдай жариялауға себеп болуы тиіс дейді.

Сырым Абдрахманов, қоғам белсендісі:

-2000 жылдардан бастап модернизация әлі айтылып келе жатыр. Одан қалды қаражат та, мүмкіндік те мемлекетте бар, соған қарамастан төртінші зауыттың салынбауы, 6 млрд қаражаттың қайда кеткені әлі белгісіз болып жатыр. Үкіметтің мүшелері, барлық шенеуніктер жаяу жүруі керек. Халықтың кебін киюі керек, сонда ғана халықтың жағдайын түсінеді.

Шенеуніктердің аттан түсуі екіталай. Себебі үкіметтік көліктер талонмен жанармай алады. Ал оған шектеу жоқ.

Қымбаттап келіп, тапшылыққа тірелген жанармайдың жоқшылығы кей сарапшылардың пікірі бойынша қолдан құн арттырудың арам амалы болуы әбден мүмкін. Ал отынның 30 пайызын Ресейден алдыртып, тұтас елді көршіге телміртіп қойған Энергетика министрлігі тығырықтан шығар жолды іздеп әлек. Одан қалды, онсыз да жоқ отын қарашада 150 теңгеден 157-ге дейін қымбайттайды деп  мәлімдеді.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.