Күзгі терім бітпей жатып елімізде картоп қымбаттады
Айналдырған бір аптаның ішінде бұл көкөністің құны екі есеге көтеріліп кеткен. Ең арзан деген картоп Оралда 50 теңгеден сатылып келсе, қазір 120 теңгеге жетіпті. Ал өзге аймақтарда одан да қымбат. Саудагерлер бұл бағаның уақытша екенін айтады. Әлі қыс түскенше тағы екі есе көтеріледі деп алақандарын ысқылап отыр. Билік болса бағаға келгенде тағы да қауқарсыз.
Автор: Жаңалық Ахаш
06.10.2017
-Күзгі терім кезінде тегін болмаса да, көкөністің құны арзанға түседі деген тұрғындардың биыл үміті ақталмады. Жыл сайын дәл осы уақытта картопты қапшықтап алатындар базардағы бағадан шошынып отыр. Ақтөбенің өзінде осыдан бір апта бұрын картоптың келісі жүз теңгеге жетпеген. Айналдырған аз күн ішінде саудагерлер үстіне 45-50 теңге қосып үлгеріпті.
Ләззат Мұсаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Біз өзіміз түсінбей қалдық. Неге олай болғаны даже? Әлі де түседі баға деп жүргенде масылы. Жүздің үстіне шығып кетті. Халыққа да обал.
Картоптың құны тек Ақтөбеде ғана емес, батыстағы барлық аймақта көтерілген. Шығыс пен орталықта да бұл көкөніс қазір 130 теңгеден сатылып жатыр. Қарағандылық саудагерлер бағаның мұнымен тұрақтанбайдынына сенімді. Тіпті қысқа таман келісі үш жүз теңгеге жетеді деп алақандарын ысқылап отыр.
Марат, саудагер:
-Картошка көп емес. Сол үшін қымбатшылық болады. Картошка бағасы көтеріледі. Әлі 300 теңгеге баруы мүмкін баға. 500 теңгеге дейін баруы мүмкін көктемге дейін. Белгісіз әлі. Бірақ арзандамайды.
Жері құнарлы Оралдың өзі жылда картоптан тарықпайтын. Өнімі көптіктен баға да арзан еді. Бірақ биыл мұнда келісі елу теңгеден жүз отыз теңгеге дейін шарықтады. Биліктегілер құнды ұстап тұруға қауқарсыз екенін мойындайды. Өйткені көрші өңірлерді қойып, басқа елдер де картопты көтерме бағамен сатып алып жатыр.
Жасұлан Халиулин, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
-Көршілес облыстардан, сонымен қатар көршілес елдерден, оның ішінде Өзбекстанда картоп өнімінің өнімділігі төмен болуымен байланысты болып отыр. Біздің тауар өндірушілеріміздің алқаптарынан келіп басқа өңірден немесе басқа елден келіп сатып алушылар өңделген өнімді алып кетуінен болып отыр.
Ал қай өңірдің диханы болмасын, егінді баптау қиынға соғып отырғанын айтады. Өйткені, жанармайдан бастап, жерді күтуге қажет химиялық қоспаларға дейін қымбаттаған. Сондықтан күз бойы жиған-тергендерін арзанға сатпаймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!