Алматыда өз баласын далаға тастап кеткен безбүйрек ата-ана іздестірілуде
Туғанына бір апта да болмаған шақалақ өткен айда жол жиегінен табылған болатын. Содан бері оны іздеп келген тірі жан жоқ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
06.10.2017
Сәбиді алдымен сол маңдағы жүргіншілер байқаған. Бірінші оның шырылдап жылаған даусы естіліпті. Сөйтіп, жақын барып қараған куәгерлер жылы көрпеге оранған баланы көрген. Оны өзектен тепкен тасбауыр ата-ана ішетін тамағы мен киім-кешегін де сол жерге тастап кетіпті. Ал, куәгерлер бірден оқиға орнына тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем шақырған. Кейін шақалақ қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оны түгел қарап шыққан. Бүгінде сәбидің денсаулығы қалыпты екенін айтады. Полицейлер осы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Тірі жетім атанған қыз баланың ата-анасы да, туған-туыстары да жер-жерден іздестіріліп жатыр. Ал, ауруханадағылар оның құжаттарын рәсімдеп қойған. Жақын күндері тастандыны балалар үйіне жібермек.
Ләззат Есқалиева, Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері:
- Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ешқандай дәрігерлік ем қабылдаудың қажеті жоқ. Одан әрі қарай баланы қалалық балалар үйіне өткізуге дайындалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!