{metadescription}
Алматыда тастанды сәбидің ата-анасы іздестірілуде
Алматыда тастанды сәбидің ата-анасы іздестірілуде

Алматыда тастанды сәбидің ата-анасы іздестірілуде

Туғанына бір апта да болмаған қыз бала өткен айда жол жиегінен табылған. Шырылдап жылаған оны сол маңдағы жүргіншілер дер кезінде байқап, құтқарып қалыпты. Әйтпесе, сәби қаңғыған иттерге жем болуға сәл қалыпты. Қатты тоңып қалған ол, қазір ауруханада жатыр. Құжаттары реттеліп, көп ұзамай сәбилер үйіне жіберілмек. Ал, оның тасбауыр жақындарын ауыр жаза күтіп тұр.

- Тастанды сәби кешкі уақытта дәл осы көшеден табылған. Жылы көрпешеге оралған ол міне мына қоқыстың үстінде жатыпты. Қасында пакеті болған. Ал, оның ішіне шақалақтың киім-кешегі мен ішетін тамағы салыныпты.

Бөпенің шырылдап жылаған даусын осы маңайдағылар естіген. Бастапқыда мысық деп ойлаған олар, сәбиді көргенде абдырап қалғандарын айтады. Қайта дер кезінде көмек көрсетіп, тастандыны өлімнен арашалап қалған. Әйтпесе, шарананың осында қаптап жүретін иттерге жем болуы мүмкін еді.

Светлана Харьковская, куәгер:

- Бала әбден тоңып қалған. Тоқтаусыз жылап жатты. Мен оны бауырыма бастым. Жылынғаннан кейін тынышталды. Тіпті, күле бастады. Біз байқамағанда, суықтан шетінеп кетер ме еді. Мұнда қаңғыбас иттер де көп жүреді.

Сөйтіп, көрші-көлем жедел жәрдем мен тәртіп сақшыларын шақырыпты. Айтуларынша, баланың қоқысқа тасталған сәті осы жердегі камераға түсіп қалған. Қатыгездікті іске асырған әйел адам екен. Тастандының өзі де қыз бала. Жақындары оны дүниеге келгеніне бір апта болмай жатып өзектен тепкен.

Ирина Повиденко, куәгер:

-Табылған кезде баланың әлі кіндігі де түспеген. Соған қарағанда, 2-3 күн бұрын туылса керек. Сол уақыт ішінде күтім көргені көрініп тұрды. Әрі ол кәдімгі перзентханада туылған.

Қазір сәби қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Денсаулығы қалыпты. 3 аптадай уақыт өтсе де, оны іздеп келген ешкім жоқ. Сондықтан, дәрігерлер тірі жетім атанған қыздың құжаттарын рәсімдеп, сәбилер үйіне жіберуге дайындауда.

Ләззат Есқалиева, Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері:

-Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық. Ешқандай дәрігерлік ем қабылдаудың қажеті жоқ. Одан әрі қарай баланы қалалық балалар үйіне өткізуге дайындалып жатыр.

Ал, сақшылар қоқыс салынған түйіншек бесігіне айналған шарананың безбүйрек ата-анасы мен туған-туысын іздеуде. Жантүршігерлік оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары да басталған.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД ресми өкілі:

-Табылған жағдайда міндетті түрде ата-ана құқығынан, және бостандықтан  айырылады. Туысқандары табылып жатып, баланы өзімізге аламыз деген үміт білдіріп жатса,онда олар заң шеңберінде арнайы процедураларды өтуі тиіс.

Яғни, тасбауырлар ата-ана құқығынан айырылып қана қоймай, кемі 3 жылға сотталуы мүмкін. Полицейлер оларды қолға түсіру ұзаққа созылатын іс емес деп сендірді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде