Әбдірахманов пен Лавров Астанада келіссөз өткізді
Астанада жұмыс сапарымен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров жүр. Мәртебелі мейман қазақстандық әріптесімен келіссөз өткізіп, алдағы Сирия келіссөздерінің жетінші кезеңі бойынша кеңесті.
Автор: Азамат Алдоңғаров
06.10.2017
Сириядағы қарулы қақтығысты шешуде Ресейдің айтар сөзі салмақты. Себебі ол кепіл үш мемлекеттің бірі. Астанада өткен алты жиында тараптар оқ атуды тоқтататын алғашқы 4 аумақты белгілесе, ендігі жиында кепіл мемлекеттер қарулы оппозицияның өтінішін қарастырмақ.
Қайрат Абдрахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:
–Астана келіссөздерінің келесі жиынындағы екі сұрақты атап өткім келеді. Сирияның қарулы оппозициясы үшін тұтқындалған әскерилер мен бейбіт халықты босатуға басымдық берді. Сондықтан кепіл мемлекеттерге үміт артып отыр.
Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, дағдарыстың шешілуіне неғұрлым көп мемлекет мүдделі болса, соғұрлым түйін тез тарқатылмақ дейді. Бүгіннің өзінде байқаушылар қатарына Қытай, Сауд Арабиясы, Мысыр және Ливанды қосу туралы ұсыныс бар. Лавров, диалогқа бұған дейін қатысудан бас тартып келген қарулы оппозицияның келіссөздерге келуін Астанадағы жиынның жетістігі деп атады. Сирия бойынша Астана келіссөздерінің жетінші кезеңі қараша соңында өтуі тиіс.
Сергей Лавров, Ресей Сыртқы істер министрі:
–Біздің ойымызша, байқаушы мемлекеттердің қатарын көбейту нәтижелі болар еді. Сондықтан бұл мәселені талқылауға дайынбыз. Бұл мәселеде келіссөздерді ұйымдастырған тараптардың бірауыздан қолдауы қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!