Семей тұрғыны интернетте жалған ақпарат жазғаны үшін сотталды
Бейнежазба үшін жаза! Семейде үй құлады деп жалған ақпарат таратқан Артем Полюх ғаламторға жүктеген бейнежазбасы үшін 2 жыл 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Енді ол құқық қорғау орындарының қатаң бақылауында болады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
11.10.2017
Судья оның 2-ші топтағы мүгедек және кәмелет жасқа толмаған баласы барын ескергендіктен, шартты жазаға кесті. Ал Артем Полюхтың өзі елді дүрліктірген бейнежазба ватсап арқылы келді деп ақталумен болды. Айтуынша, оған көршілес Ресейде болған оқыс оқиғаның видеосын достары жіберген көрінеді. Онда «бүгін Семейде көпқабатты үй құлады» делінген. Ал құрдастарына сеніп қалған азамат, бірден ғаламтордағы жеке парақшасына жүктеп үлгерген. Осылайша мұны көрген ғаламтор қолданушылары жалған ақпаратты жарыса таратып жіберіпті. Айта кетейік, бұл жағдай биыл мамыр айында болған.
Артем Полюх, сотталушы:
-Ютубта жеке парақшам бар болатын. Онда ең қызықты деген бейнежазбаларды салып жүрген едім. Сондықтан осы видеоны бірден сонда жүктеп жібердім. Үстіне «Семей қаласында үй құлап жатыр» деп жазғаным рас. Жалған екенін білмедім. Эксклюзив болсын деген ғана ойым болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!