Шассидің шықпай қалуын құстан көрді
Аруна Ортай
Автор: Аруна Ортай
11.10.2017
Шассидің шықпай қалуын құстан көрді
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Оралдағы ұшақтың апатты жағдайда қонуына қатысты осындай болжам айтты. Айтуынша, әуе кемісінің дөңгелегі терезеге соғылған үйрек-қаздардың кесірінен істемей қалыпты.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-Ұшақтың апатты жағдайда қонуына бір топ құс себепкер. Мамандар оқиға орнына барып, тексеріс өткізді. Нәтижесі осы, құстардың соғылуы кесірінен апатты жағдай болған.
Әуе компаниясы да техникалық ақау тіршілік иелерінің кесірінен болды деп сендіріп отыр. Десе де, бар кінәні құсқа жапқандар терезедегі жағдайдың төмендегі шассиге қалай әсер еткенін түсіндіріп бере алмады. Оқыс оқиға кеше кешкісін болды. Кенеттен шасси істемей қалып, ұшақ әуежайға апатты жағдайда қонған еді. Қайта, борт тексеріс мақсатында ұшқан. Сондықтан ішінде жолаушы болмапты. Оқыс оқиғадан соң әуежай іле-шала жабылды. Әне-міне жолға шыққалы жатқан Алматы және Ақтау қалаларына рейстер тоқтатылып, жолаушылары түні бойы әуежайдың ішінде күтіп отырған. Тек таңға жуық ұшып кету мүмкін болды. Жалпы, экипаж мүшесі 3 адам болған. Екі пилот пен техниктің үшеуі де аман. Құсқа тиіп, құлай жаздаған әуе кемесі «Air Control» авиакомпаниясына тиесілі. Техниканы тексеру үшін компания мамандарды сонау Америкадан алдыртпақшы. Өйткені, ұшақ сонда жасалған. Бірақ олардың да бүгін-ертең келе қоюы екіталай.
Рахман Оспанов, «Аir Сontrol» әуе компаниясының вице-президенті:
- Егерде ұшақ кеңес уақытында шыққан болса, тексеру әлдеқайда жеңіл әрі тез болар еді. Ал бұл ұшақ Америкада жасалған. Сондықтан, тексеру үшін сол жақтан адам шақыртамыз. Солар қарап өз бағасын беретін болады. Бірақ, олардың да жұмысы қауырт болғандықтан, ұшақты тексеру бір айдан жылға дейін созылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!