Депутаттар жұртты жылда жанармайға жарытпай қоятын Үкіметтің қажеттілігіне күмән келтірді
Автор: Жәудір Оразхан
11.10.2017
Көлік жүргізушілерінің бензин таппай жүргеніне тек шенеуніктер кінәлі дейді мәжілісмендер. Өйткені атқамінерлер о баста дұрыс шешім қабылдамаған. Президент дәл осындай тапшылық болмас үшін төртінші мұнай өңдеу зауытын салу туралы тапсырма берген болатын. Алайда үкіметтегілер оны орындамай отыр.
-Енді депутаттар Елбасының сөзіне құлақ аспай, жаңа кәсіпорынның құрылысынан бас тартқан адамды іздеп жатыр. Бүгін Айқын Қоңыров Елбасының сөзін жерге қалдырған шенеуніктің аты-жөнін елге жариялауды талап етіп, премьер Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдады.
Егер Үкіметтегілер төртінші зауытты салғанда, жұрт бүгінгідей бензин іздеп, сабылмас еді дейді депутат. Ал шенеуніктер болса Шымкент, Павлодар мен Атыраудағы үш кәсіпорынды күрделі жөндеуден өткізсек жетеді деп шешкен. Салдарынан қазір тұрғындар зардап шегуде.
Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:
-2014 жылы Президент жаңа мұнай өңдеу зауытын салуды тапсырған. Бірақ Үкімет бар зауыттарды жөндеуден өткізуге шешім қабылдады. Яғни, төртінші кәсіпорынды керек қылмай, құрылысынан бас тартты. Енді азаматтарда мынадай сұрақ туындап отыр: жағдайды осылай ушықтырып қойған Үкіметтің бізге қажеті не?
Мәжілісменнің айтуынша, Қазақстанның жанармайдан тарығатын еш жөні жоқ. Қазіргі тапшылық - қолда бар мұнайды ұқсатып, сұранысқа сай өнім ұсына алмаған Үкіметтің қателігі. Қоңыровтың сөзін депутат Павел Казанцев жалғастыра кетті.
Павел Казанцев, Мәжіліс депутаты:
-Үкіметегілердің бензинге қатысты жылда қайталанатын маусымдық мәселені алдын ала болжап, тиісті шаралар қолдануға шамасы жетпей ме? Неге дағдарысқа қарсы жоспар, бағдарлама жоқ? Шын мәнінде бізде мұнай мен көмірдің бізде артық қоры бар. Тек тиімді үйлестіре білу керек.
Және депутаттар Үкіметтен жанармай қорын, құнын алдын ала белгілейтін ұзақмерзімді жоспар талап етті. Сондай-ақ, монополистер мен бағаны қолдан көтергендерге қарсы нақты қандай шара қолданылғанын сұрады. Өйткені, жанармай тапшылығынан тұрғындар күнде тұтынатын тауарлар мен қызмет құны да шарықтайды. Қазір елімізде ең қымбат бензин Батыс Қазақстанда сатылуда. Бұл облыстың кейбір аймақтарында АИ-92 маркалы бензин 180 теңге, қалада 164 теңге тұрады. Петропавлда да жанармай бекеттері талоны барлар ғана бензин құйып беруде. Ал ең арзан бензин Атырауда -146 теңге.
-Мәжілісмендер бензин мәселесін түбегейлі шешуге болады дейді. Ол үшін ең алдымен өндірісті дамытудың нақты жоспарын құру керек. Сондай-ақ, елімізге көмір мен газ, бензин жеткізіп отырған компанияларды қатаң бақылауға алу қажет. Ал орынбасарларды жұмыстан босатқаннан ештеңе өзгермейтінін депутаттар ашық айтып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!