Ақтөбеде қаскөйлер қорымды қиратып кетті
Тіпті, шойынан істелген зират қоршауларын тонапты. Марқұмдардың туыстары бұған темір-терсек жинайтындарды кінәлап отыр. Сондай-ақ қаладағы барлық бейітті күзетуді мойнына алған компанияның қайда қарағанын түсінбей дал. Бірақ ондағылар өздеріне шаң жуытар емес. Вандалдар қорым бұрын қараусыз жатқанда ойран салған деп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.10.2017
Шалының әруағына құран оқытуға келген Қазына әжей қаскөйлердің қылығынан шошынып отыр. Вандалдар күйеуінің зиратының шойын қоршауларын сындырып, түгін қалдырмай алып кеткен.
Қазына Алламбергенова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Жалғыз менің шалым емес, бес-алтауын қиратқан шетіндегі. Оны бір иманы әлсіз, иманы жоқ адамдар жасаған. Сол адамдарға тойтарыс берілсе екен.
Қаскөйлердің моладағы қоршауларды пайда үшін ұрлағаны белгілі. Сондықтан марқұмдардың туыстары оған себепші болғандарды да жазалау керек дейді. Тәртіп сақшыларынан темір-терсек қабылдайтын мекемелерді түгел тінтіп шығуды талап етіп отыр.
Кенжеғали Әжікеев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Моланың қоршауларын қабылдағандарды полиция қызметкерлеріне тапсырмайды ма?Көзін май басқан қабылдап жатқан адамдардың. Жан-жағына қарап алсайшы алса да темірді.
-Вандалдардың бұл әрекетінен марқұмдардың туыстарының көбі хабарсыз. Полицейлерге әзірге тек екі адамнан ғана арыз түскен. Алдағы күндері олардың саны артатыны анық.
Ақтөбе шетіндегі бұл қорымды күзетуді осыдан бір жарым ай бұрын жеке компания өз мойнына алған. Осында жерленгендердің туыстары олар қайда қарады деп ашынады. Дегенмен, серіктестік өкілдері бейіт басындағы тонау бұрын болған деп ақталды.
Асхат Өтешов, «Жерлеу рәсімдерінің бірыңғай орталығы» ЖШС заңгері:
-Зираттағы жағдайға қатысты компания атынан арыз түсірмекші едік. Бірақ заңға сәйкес тек марқұмдардың туыстары ғана шағымдана алады екен. Ал қорымды өз қарауымызға жақында алдық. Қоршауларды біз қызметімізді бастамай тұрып ұрлаған сияқты.
Қазір қорым қарақшыларына қатысты іспен Заречный полиция бөліміндегілер айналысып жатыр. Ал бүлінген бейіттерді қайта қалпына келтіруге қорымды күзетуге тиіс компания көмектесеміз дейді. Бірақ бұл үшін марқұмның туыстары оларға барып арыз жазуы керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!