Алматы облысында жанармай алуға кеткен 17 жастағы жігіт қаза тапты
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
12.10.2017
Бензин іздеймін деп, бақилық болды! Канистр ұстаған ол жақын жерден бензин таппай, 20 шақырымдағы бекетке бару үшін көлік тоқтатыпты. Сол машина жолдан шығып кетіп, жуан ағашқа барып соққан. Сөйтіп, жанармай іздеген жігіт те, көліктегі 7 жасар бала мен 57-дегі жүргізуші де оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Апаттан аман қалған әйел адам ауруxанаға жеткізілді.
Темір бөлшектер, сынған әйнек, төгілген қан. Достық ауылынан шыға берістегі бұл жер - қайғылы оқиға орны. Апат қалдықтары соны өткен-кеткеннің есіне тағы бір салып тұрғандай.
- Жантүршігерлік апат Алматы-Көкпек трассасында болған. Ішінде 4 адамы бар Мазда осы жерге келгенде жолдан шығып кетіп, жуан ағашқа барып ұрылыпты. Соққының қаншалықты қатты болғанын талдың сырылған жері-ақ көрсетіп тұр. Көлік тек содан кейін ғана тоқтаған. Ал, ішіндегі 3 адам осы жерде тіл тартпай кетті.
Соққының даусы маңайдағы тұрғындарды аяқтан тік тұрғызған. Дереу осында жеткен олар құтқарушыларды күтпей, көмектесуге кірісіпті. Бірақ, мыжылған көліктегі жолаушылардың бәрін өз еріктерімен далаға шығару мүмкін болмаған.
Қанат Жапанов, оқиға куәгері:
- Ременьді кесіп, әйел адамды шығарып алған. Еркекке күшім келмей қалды. Артындағы екеуіне де күшім жетпеді.
Аман қалған 34 жастағы Гюзель Әжиева ғана. Оның өзі Шелектегі орталық ауруxананың жан сақтау бөліміне түскен. Ал, көлік тізгініндегі әкесі мен 7 жасар ұлынан қапыда айырылып, қара жамылған келіншек әлі де өз-өзіне келе алар емес.Ал, бензин іздеген жігіт бұл көлікке жол-жөнекей отырыпты. Сөйтсе, қолында канистрі болған бала жақын маңнан жанармай таппай, 20 шақырымдағы бекетке бара жатқан екен. Ажалы темірден болғандар қазір жер қойнына тапсырылған. Ал, тәртіп сақшылары жол апатына нақты себебін анықтауға кірісті. Болжам бойынша, жүргізуші рөлге ие бола алмай қалған.
Жанар Төлегенқызы, Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы:
- ҚР қылмыстық кодексіне сәйкес 345 бабы , 4 тармағына сәйкес облыстық ішкі істер департаментінің аңықтау басқармасымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Жергілікті жұрт дәл осы жолда көлік апатының жиі болатынын айтады. Оған мұндағы әр қадам сайын орнатылған белгілер де дәлел. Сондықтан, шошынып қалған тұрғындар жауапты шенеуніктер көшенің кем-кетігін тезірек ретке келтірсе дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!