Сенаторлар төртінші мұнай өңдеу зауытын салуды тоқтатқандардың атын атауды талап етті
Автор: Жәудір Оразхан
12.10.2017
Мәжілістен соң іле-шала Сенат та төртінші мұнай өңдеу зауытын салуды тоқтатқан Үкіметті сынға алды. Жоғары палата депутаттары жанармай қорын алдын ала сараптап, болжай алмаған шенеуніктерге қатты ашулы.
Атқамінерлер үш мұнай өңдеу зауытын кезек-кезек беймезгіл уақытта жөндеуге жауып, жағдайды ушықтырып отыр дейді депутаттар. Есепсіз, көзсіз шешімнің салдарынан еліміз бензиннен тапшылық көруде. Елбасының төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажет деген сөзін елемегендермен сенаторлар да жауласып отыр. Өйткені жанармаймен жағаласып азық-түлік те қымбаттаған. Жоғары палата мүшелері жағдайды қолдан ушықтырған шенеуніктер қалайда жұртқа жанармай жеткізіп берсін деді. Ал елімізде бірнеше аптадан бері көлік жүргізушілері бензин таппай сабылып жүр. АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 180 теңгеге дейін шарықтады.
Сәрсенбай Еңсегенов, Сенат депутаты:
-Жанар май тапшылығын жоюға байланысты мемлекеттік деңгейде жүйелі негіздегі шешімдер неге қарастырылмайды? Елбасының жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жөніндегі тапсырмасының осы уақытқа дейін орындалмау себебі неде? Ел тұрғындарын жанар май өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін Үкімет тарапынан қолға алынған шаралар мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берсеңіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!