Каспиге экологиялық қауіп төндірген кеме енді тазалана бастады
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.10.2017
Тонналаған улы заты бар ресейлік танкер мұнда 1 жыл бұрын тұралап қалғанымен, оны залалсыздандыруға мамандар бүгін кірісіп отыр. Бастапқыда шенділер көрші ел оны сүйреп шығаратын техника жібереді деп күткен. Алайда, кеме тиесілі компания ат-тонын ала қашты. Сондықтан, апаттың алдын алу үшін ақтаулық шенділер резервтік бюджеттен 39 миллион теңге бөлуге мәжбүр болған. Ал, қара алтын су бетіне жайылса, 2 миллиард шығынға батар едік. Құдай сақтап, ол теңізге тарап үлгермепті.
Танкерді улы заттан арылту жұмысының басталуы бірінші кезекте экологтарды қуантуда. Өйткені, мұнай тиелген кеменің кез-келген уақытта жарылуы мүмкін еді. Тонналаған қара алтынның суға жайылу қаупі де жоғары болды. Бүгін мамандар соның алдын алуға білек сыбана кірісіп кетті.
Есенқұл Әділбаев, Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Алдымен тазаламастан бұрын қоршау керек. Мұнай төгілген жағдайда теңізді ластамау үшін.
«Аракс» атты алып кеме негізі ресейлік компанияға тиесілі. Ол былтыр қарашада Каспийдегі қайраңға тұрып қалған. Сол кезде экипаж мүшелері танкерді тастап, кетіп қалды. Ал, теңіз кемесінің иелері өз техникасын құтқаруға құлық танытпапты. Тіпті, біздің шенділер жолдаған хаттарды жауапсыз қалдырған. Амалсыз, шаһар басшылары резервтік бюджеттен қаржы бөлуге мәжбүр болды. 39 миллион теңге тендерге салынып, жұмысты жекеменшік компания мойнына алған.
Айболат Асанғалиев, «Батыс Мұнай Транс» ЖШС қаржы директоры:
- 2 аптада бітіріп береміз деп тұрмыз. Ауа-райы жақсы болса. Тазалаймыз. Теңізді бүлдіретін заттар теңізге түспейді. Солай келісім жасадық. Қолымыздан келгенін жасаймыз.
Компания танкердегі 130 тонна өңделген май мен 3 мың тонна мұнай қалдығын өздеріне тиесілі кеменің көмегімен шығармақ. Бір күннің өзінде оған тиелген затты 200 тоннаға азайтамыз деп сендіріп отыр. Өйткені, тездетпесе, ауадағы метан мөлшерінің күрт артып кетуі мүмкін екен. Мұндай жағдай маусымда да тіркелген.
Абай Сафин, Маңғыстау облысы экология департаментінің басшысы:
- Су сынамасын алдық. Оған мұнайдың төгілмегеніне көзіміз жетті. Алайда, маусымда ауада метанның көбейіп кеткені анықталды. Мұндай бақылауды 2 апта бұрын тағы жүргіздік. Әйтеуір, бәрі қалыпты болып шықты.
Ал, қара алтын суға жайылса, 2 миллиард шығынға батар едік. Енді, танкерді тазалау жұмысы біткеннен кейін, қалдықтар Ақтау порты арқылы утилизацияға жіберілмек. Мұнай тасымалдайтын кеменің өзі қайда жіберілітінін арнайы комиссия шешеді. Айта кетсек, бұл Каспиде тұралап қалған бірінші танкер емес. 2 жыл бұрын дәл осылай Иранның кемесі қайраңдап қалған. Әйтеуір, одан төнген қауіп дер кезінде жойылыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!