АҚШ президенті Иранға қатысты жаңа стратегиясын жариялады
Дегенмен, күллі әлем алаңдап күткендей Трамп Теһранмен арадағы ядролық бағдарламаға қатысты келісімнен шығу жайлы ләм-мим демеген.
13.10.2017
Осыдан билікке жетсем, Иранмен арадағы келісімді бұзамын деп сайлау алдында жар салған Дональд Трамп содан бері де талай сынағанымен нақты қадам жасаған емес. Ядролық бағдарламадағы міндеттерін орындамайды деп Иран билігін айыптаған АҚШ президенті ортақ келісімді сақтау бос әурешілік деген пікірде. Ислам мемлекетіне қатысты жаңа стратегиясында да Трамп Иранды жерден алып, жерге салғанымен, келісімнен шығу туралы нақты айтпапты. Енді бұл мәселені Конгресс шешуі керек. Конгресмендердің оған 60 күн уақыты бар. Жалпы, Трамптың бастамасын демократтар түгілі өзінің әкімшілігінде де барлығы қолдап отырған жоқ. Мәселен, мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон мен Пентагон басшысы Джеймс Мэттис Иран міндеттемелерін орындап жатыр деп санайды екен. Айта кетсек, Ираннан талай жылғы санкцияларды алған келісімді кезінде Обама әкімшілігі жасап кеткен болатын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!