Еліміздің бірқатар өңірлері әлі де көмірдің азабын тартуда
Бүгінде Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарының тұрғындары қоймалардан қара отынды таба алмай сандалып жүр. Осы тапшылықтың салдарынан олар қысқа әлі қамданып үлгермепті. Ал көмір қоймаларының алдында жүк көліктері ұзын-сонар кезекте тұр. Тіпті, Семейде кезекке таласқан жүргізушілер бірін бірі таптап өтуге дейін барған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
13.10.2017
-Дәл мына тізбектеліп қалған 50 көлік осы жерде үш күннен бері қаңтарылып тұр. Тіпті кейбір жүргізушілер кезегінен айырылып қалмау үшін түнеуге мәжбүр. Олар Семейден небәрі 130 шақырым жерде көмір өндірілгенімен уақытылы жетпей жатқанына наразы.
Бүгінде көмірдің келуін күткен жүргізушілердің жүйкесі әбден жұқарған. Айтуларынша, қоймаға екі күнде 5 вагон ғана әкелінеді. Оның әрқайсында 60 тоннадан болғандықтан, ары кеткенде, 20 көлікке тиеуге ғана жетеді. Сондықтан олар алып үлгеру үшін бірін-бірі таптап өтуге дейін барып жатыр.
Жұрт бұл дүрбелеңді қара отынның бағасын көтеру үшін әдейі жасап отыр деп санайды. Семейде қазір көмірдің тоннасы 7 мың теңге болғанымен, қар түскенде қымбаттауы мүмкін.
Тоқтасын Қапезов, Семей қаласының тұрғыны
-Бәрі қымбаттатудың амалы. Жанармай қымбаттап жатыр. Енді осыдан барады да, қарашада көмірдің бағасын 8 мыңға көтеріп тастайды. Бұл шынымен солай болады.
Ал көкшетаулықтарда көмір жоқтың қасы. Сұранысқа ие Шұбаркөл көмірі тіпті қымбаттап үлегерген. Мұнда қазірдің өзінде оның бір тоннасы 13 мың 500 теңгеден саудалануда. Әйтсе де, жұрт соның өзін көмір қоймаларынан таба алмай әлек.
Бұл жағдай Пертопавлда мүлдем ушығып тұр. Еліміздің солтүстігіне соңғы вагон қыркүйек айында жеткізіліпті. Одан бері жарты ай уақыт өткенімен мұндағы көмір қоймалары қаңыраған күйінде тұр. Енді қара отын қалдықтары қаптап сатылып жатыр екен. Тұрғындар мұндайды бұрын-соңды көрмеген. Үнемдеген күннің өзінде бұл бірнеше күнге ғана жетеді.
Ал енді көмірдің қашан жететінін қоймадағылардың өздері де білмейді.
Жақсылық Әлибаев, көмір қоймасының қызметкері:
-Тұрғындар хабарласады. Бәріне көмір жоқ деп жауап беремін. Олар қашан келетіндігінде сұрайды. Мен, білмеймін деп айтамын. Себебі, өзіміз де нақтысын біле алмай отырмыз.
Осылайша, көмірден тарыққан жұрт мәселенің мән-жайын түсіндіретін шенеунік таппай дал. Айтуларынша, олар отын тапшылығының салдарынан қысқа әлі де қамданып үлгермеген екен. Сондықтан, көмір шығаратын орындарды Астана бақылауға алса деген үмітте. Ал жергілікті биліктегілердің жекеменшік кен орындарының ісіне араласып, жағдайды реттеуге еш қауқары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!