Алматыда үй құрылысына қарсы шыққан жұрт шу шығарды
Алматыда балалар алаңқайының орнына тұрғын үй салынбақ. Кезінде жекенің қолына өтіп кеткен жер телімінің иесі ойын алаңындағы әткеншектерді қопарып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен көрінеді. Ал, құрылыс үшін тартылған темір қоршаудың ар жағынан телмірген балаларымыз қайда барарын білмейді деген тұрғындар қалалық әкімдіктен көмек сұрап отыр. Ал, аудандық атқамінерлер болса, жер телімінің былтырға дейін жекенің иелігінде екеніне хабарсыз болып шыққан.
Автор: Мақсат Мәліков
18.10.2017
Қызым, құдайдан қорықсайшы, мынау детский площадка ғой. Өзіңнің балаларың жоқ па?
Шат-күлкіге толы балалардың ойын алаңы қазір күзгі аспандай сұрықсыз. Доп қуған, асыр салған ешкімді көрмейсің. Себебі, үш күн бұрын темірмен қоршалып, құрылыс жұмыстары басталған.
Фаина Күлшебаева, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мына үйде біз елу жылдан бері тұрып келеміз. Мына алаңда балаларымыз ойнап өсті, қазір немере-шөберелеріміз ойнап жүр. Енді біреулер келіп, сатылған жер, біздің жер деп бәрін жұлып алып кетті. Дымда жоқ әнеки.
Сабыржан Қожанов, Алматы қаласының тұрғыны
- Бізге ойнайтын футбол алаңы жоқ. Кішкентай балаларға да ойнайтын жер жоқ. Бәрін тартып алып жатыр.
Тұрғындар дәйек ретінде көрсеткендей, осыдан 19 жыл бұрын берілген мемлекеттік актіде жер телімі көп қабатты үйдің аумағына енген. «Бірақ, қандай себеппен жекенің иелігіне сатылғанын білмейміз» дейді. Тіпті, аудандық атқамінерлердің өзі былтырға дейін ештеңеден бейхабар болып шыққан.
Әділет Әліпбеков, Бостандық ауданының коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
- 2016 жылы аулаларды жөндеу бағдарламасына сәйкес аталған жер телімінде спорт алаңын салу жоспарланған болатын. Алайда, жердің иесі келіп, қалада тіркелген құжаттарын көрсеткеннен кейін біз спорт алаңының құрылысын үлкен Алматы өзенінің жағалауына ауыстырдық
Қолдан қолға өткен жер теліміне осыған дейін иелік еткендер тұрғындардың наразылығынан сескеніп, кері қайтып жүріпті. Ал, жыл басында қайта сатылымға шыққан жердің жаңа иесі «барлығын заң шеңберінде жасадым» дейді.
Жанна Қалиева, жер телімінің иесі:
- Бұл жер теліміне қатысты барлық құжатымыз бар. Мемлекеттік актіден бастап құрылыс жүргізуге дейін құжаттарымыз заңды. Бұл жерде бірнеше тұрғынға арналған тұрғын үй салынады. Тиісті мемлекеттік органдардың барлығы қарсы емес.
Ал, иегінің астындағыны кеш аңғаратын аудандық шенділер балаларға арналған ойын алаңының болашақ тағдыры не болатынын дөп басып айта алмады. Тек, тұрғындарға сотқа шағымданыңдар деп жөн сілтепті. «Соттан қайыр болмаса, қайда барып шағымданамыз»деген тұрғындар, «бала-шағамызды үйге қамап ұстағаннан басқа шара жоқ» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!