Алматыдағы алапат өрт ірі компанияның маңызды құжаттарын күл қылды
«ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы бір күнде қат-қат құжатынан айырылды! Алматыдағы алапат өрт кезінде мекеменің тек кеңсесі емес, маңызды қағаздары да күлге айналған. Ал, тілсіз жау соған көршілес орналасқан трансформатор цехінен шығыпты. Куәгерлер құтқарушыларды дер кезінде шақырмай, әрі тез жанатын материалдардың кесірінен жалын лезде күш алған. Сондықтан, оны ауыздықтау оңайға соқпады. Салдарынан, 3 ғимарат түгелдей өртеніп кетті.
18.10.2017
Ғимараттың өртенгеніне 12 сағаттан аса уақыт өтсе де құтқарушылар тыным табар емес. Өйткені, кей жерлердегі жалын қайта тұтануда. Түнде басталған бұл өрттің бетін қайтару мамандарға тым қиынға соқты. Өйткені, төтеншеліктер келгенде 2 қабатты трансформатор цехінен шыққан тілсіз жау лапылдап жанып жатыпты. Тіпті, қасындағы ғимараттарға тарап үлгерген.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:
- Өртті сөндіру үшін өрт сөндіру қызметінің 120 жеке құрамы, және 27 бірлік техникасы жұмылдырылған. Сонымен бірге + 9 суаратын машина да жұмылдырылған.
Куәгерлер апат туралы дер кезінде хабар бергенде, жағдай бұлай ушықпас еді дейді мамандар. Әрі оттың күш алуына нысандардағы тез жанатын материалдар да себеп болған. Сөйтіп, санаулы уақытта трансформатор цехінің өзі де, қасындағы 2 нысан да өртеніп кетті. Ал, олардың ішінде ондаған мекеменің кеңсесі орналасқан екен.
Кеше ғана кеңсе болған жердің қазіргі түрі мынау. Жиһаздарының да, қаптаған құжаттарының да түгі қалмаған. Тек бұл емес, мұндағы өртке оранған 3 ғимараттағы көрініс те осындай. Тілсіз жаудан ең ірі газ тасымалдаушы «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы да зардап шекті. Қыруар шығынды былай қойып, мекеме қапелімде маңызды қағаздарынан да айырылған.
- Сіз ойлаңызшы, бұл үлкен газовый компания ғой. Бұл жерде өте көп документация болды. Бәрі өртенді де кетті.
Нысан иелерінің нақты қанша шығынға батқаны әзірге белгісіз. Әйтеуір, ірі өрттен адам зардап шекпеген. Тілсіз жау күлге айналдырған аумақтың көлемі 3 жарым мың шаршы метрді құрады. Оның неден шыққаны да беймәлім. Тіпті, болжаудың өзі қиын дейді мамандар.Құтқарушыларды түн ортасында аяқтан тік тұрғызған апаттың себебін анықтауға тергеушілер кірісіп кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!