Киевтегі бейбіт шерудің соңы халық пен полицияның төбелесіне ұласты
Майдан қайтадан басталды. Киевтегі бейбіт шерудің соңы халық пен полицияның төбелесіне ұласты. Жоғарғы Раданың алдына мыңдаған адам жиналып, билікке қарсы наразылықтарын ашық айтып жатыр. Шараны ұйымдастырушылардың басы қасында Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвили мен оппозициялық күштер жүр. Басты базыналыры депуттатық иммунитетті алып тастау, жемқорлыққа қарсы сот құру. Талаптары орындалмаған жағдайда Саакашвили тіпті Порошенканың орнынан кетуін талап етемін деп отыр.
Автор: Асқарбек Қазанғап
18.10.2017
Депутаттық иммунитетті алып тастау керек. Осылай ұрандаған бейбіт шеру ойранға айналды. Халық пен полиция арасындағы қатығыста қан төгілмесе де, талайы тепкінің астында қалды. Януковичті тақтан тайдырған украиналықтар қайтадан қаһарына мінгендей. Бұл жолы да наразы топ Жоғарғы Раданы қоршады. Қаумалаған, айқайлаған, ұрандаған жұрттан тайсалған үкімет Парламент ғимаратын темір қоршаулармен оқшаулады. Бірақ, шерушілер оны бұзып өтуден тайсалмады.
Шеруге шыққандарға Порошенконың қазіргі саясаты ұнамайды. Мұны олар ашық айтып жатыр. Ел билікті халықтан биік қоятын басшы бағдарын бұрмаса Януковичтай баз кештіртіп жібереміз деп бекінген. Ал талаптары - депутаттарды қол сұғылмаушылық құқынан айыру, жемқорлыққа қарсы сот құрып, сайлау жүйесін жөнге келтіру. Наразы топтың басында оппозиция серкелерімен бірге Грузияның бұрынғы президенті, күні кешеге дейін Украинаның Одесса облысын басқарған Михаил Саакашвили жүр. Кезінде өзі де Грузияның жемқорлық жайлаған билігін төңкерген тәжірибесі бар саясаткер. Талап орындалмаса, президенттің кетуін талап етеміз деп отыр Саакашвили.
Михаил Саакашвили:
- Біз елде енді ешнәрсе жақсылыққа қарай өзгермейтінін түсіндік. Соңғы үш жылдағы жағдай сол қалпы. Порошенко тұрғанда жемқорлықпен күрес еш уақытта болмайды.
Саакашвили мен Порошенконың бұрыннан бір-біріне жұлдызы қарсы. Порошенко оны осыған дейін азаматтығынан айырған еді. Сондықтан, Михаилдің өз есебі болуын да саясаттанушылар жоққа шығармайды.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
-Менің ойымша Порошенконы өз еркімен құлату қиын болады. Бұнда Саакашвилидің жағдайы күрделілеу. Оны Украинға кіргізбеу саясаты жүргізіліп жатыр. Немесе қуу саясаты. Бірақ, ол радикалдау.
Халықтың ашуынан ықты ма, Жоғарғы Рада депутаттық қол сұғылмаушылықты алып тастауды дереу қарауға келісті. Артынша, Порошенко да елдің талабына құлақ түреміз деп мәселінің тігісін жатқызуға тырысты. Бірақ, шеруге жиналғандар Порошенконың тағынан кеткенін қалап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!