Тікелей эфир: Қазақ-қырғыз премьер-министрлері қандай келісімге келді?
Қазақ-қырғыз шекарасындағы қарбалас толық шешіледі. Екі елдің Үкімет басшылары кездесіп, азаматтарды бекеттен артық тексеріссіз өткізу туралы уағдаласты. Келіссөздерге айырқалпақты бауырлардың өздері ықылас танытып, арнайы Алатау асып келген. Ресми Астана көршінің өтінішіне құлақ асады. Бірақ бұрыннан қордаланып келген тауар тасымалындағы заң бұзушылыққа енді көз жұмып қарамайды.
Автор: Азамат Алдоңғаров
19.10.2017
Кеше екі ел премьері де жеке уақыттарын қиып, түн ортасына дейін тапжылмай отырып өзара алыс-берісті талқылады. Көрші елдің делегациясы ауқымды, құрамында 30 адам бар. Мына бейнеден Үкімет үйінің алдына елшілік көліктерінің келіп жатқанын көріп тұрсыздар. Күн әлі жарық, ал кездесу түн жарымда бір-ақ бітті. Ұзақ отырудың мәні мынада. Өткен аптада Қазақстан шекарашылары шептегі тәртіпті қатаңдатып, қырғыз бауырлардың Қытай тауарын біздің ел арқылы заң бұзушылықпен тасымалдап келгенін, сол арқылы миллиардтаған салықтан жалтарғанын анықтады. Сондай-ақ біздің елге экспорттаған ауыл шаруашылығы өнімдері де санитарлық нормаларға сай болмай шықты. Осыдан кей ін саудасы саябырлаған қырғыздар өздері телефон арқылы хабарласып, Астанаға келіссөздерге келуге сұраныпты.
Сапар Исаков, Қырғызстан Премьер-министрі:
-Я, как премьер-министр Кыргызстана, настроен на конструктивную работу
Жұмыс расында да, Исаков айтқандай нәтижелі болды. Мәміленің мәні – енді шекарадан екі ел азаматтары жеңіл тәртіппен, қол жүктерін ақтармай-ақ өте береді. Жеңіл көліктер мен жүгі жоқ ауыр көліктер де екі арада қаңтарылып тұрмайды. Бірақ Қытайдан тауар тасумен күнелтіп жүрген көршінің жүгі жіті тексеріледі. Қырғыз тарабы заңсыз сауда жасап келгенін кеше мойындапты. Бітімнің тағы бір шарты қырғыздар экспорттық өнімдерінің де сапасын арттырулары тиіс.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
-Біздің кеденшілер Қырғызстан импортерларының Қытай тауарын Қазақстан арқылы тасымалдағанда декларацияны өтірік толтыру деректерін анықтап жатыр. Бұл қып-қызыл шығын біз үшін. Қырғыз тарабы бұл сұрақта бізбен толық келісіп отыр. Әріптесім Сапар Исаков бұл мәселені шешуге шара қабылдауға кепіл болады. Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ ішіндегі барлық экономикалық талаптарды орындауға міндетті.
Бір сөзбен сең қозғалды. Соңғы аптада сіресіп қалғап екі ел арасындағы күрделі қарым-қатынасты жандандыру арнайы құрылған үкіметаралық жұмыс тобына жүктелді. Оны премьерлердің бірінші орынбасарлары басқарады.
Айта кетерлігі, кешегі кездесуде Қырғызстандағы саяси өзгерістер туралы бір ауыз атылған жоқ. Осыдан екі ел үкіметі саясат-саясатымен, сауда өз алдына деген ұстанымға берік екенін аңғаруға болады. Ал жұмыс тобының шұғыл қолға алған шаралары туралы қортынды жаңалықтарда тарқатып айтуға тырысамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!