Еліміздегі тері зауыттары өңдейтін шикізат таппай отыр
Малдың терісі де шетел асуда! Еліміздегі тері зауыттары өңдейтін шикізат таппай, тоқырап тұр. Өйткені, мал терісі тонналап шекара асуын тоқтатар емес. Әсіресе, біздің шикізатқа Түркия мен Қытай үйір. Солардың кесірінен, өзіміздің тері өңдейтін кәсіпорындар тығырыққа тіреліп, тіпті жабылғалы жатыр. Мәселенің жалғыз шешімі - шикізатты шетелге сатуға тыйым салу. Оны кәсіпкерлер биліктен жылдар бойы өтініп келеді. Жуырда жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы осы талаппен Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
19.10.2017
Семейдегі мына кәсіпорынның атауы «тері-былғары комбинаты» болғанымен, мұнда тері жоқ. Өңдейтін шикізаттың тапшылығы кәсіпорын үшін үйреншікті жағдайға айналған.
Гүлнар Дінмұхамметова, «Семей тері-былғары комбинатының» қызметкері:
- Зауыттың қандай үлкен екенін көріп тұрсыздар. Мұндағы құрал-жабдықтар сонау Испания мен Италиядан арнайы алынған. Бірақ, соның бәрі бос тұр. Қазір комбинаттың тек 10 пайызы жұмыс істейді.
Негізі елімізде жылына 2 жарым миллион бас мал сойылады. Соның барлығының дерлік терісі шетелге сатылып жатыр. Әсіресе, Түркия мен Қытай біздің шикізатқа үйір. Олар отандық кәсіпкерлердің алдын орап, соңында өзіміздің теріден жасалған тауарды өзімізге ондаған есе қымбатқа сатады.
Жұмағазы Нұрбазар, «Семей тері-былғары комбинатының» директоры:
- Сиырымыз 180-190 мың тұрсын, бірақ сол сиырдың терісі сиырдың көлемінде 2-3 пайызы ғана тұрады. 3 мың теңге, 4 мың теңге тұрсын. Бірақ, біз Қытайға жаңағы шикізатты шығарамыз да 4 мың теңгеге, 400 мың теңгеге аяқ киім ретінде, перчатка ретінде, сумка ретінде .
Ал, шикізат отандық кәсіпорындарға сатылғанда, керісінше дайын тауарларды шетелде біз шығарушы едік. Қазір еліміздегі барлық тері өңдейтін зауыттағы жағдай осындай. Ал, тығырықтан шығатын жалғыз жол шикізат экспортын тоқтату дейді мамандар. Кәсіпкерлер бұл мәселені талай жылдан бері көтеріп келеді. Өткен жылы билік бұлардың талабын орындаған. Бірақ, оның өзі ұзаққа созылмапты.
Любовь Худова, ҚР Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті:
- Өткен жылдың қарашасында Инвестициялар және даму министрлігі теріні экспорттауға тыйым салды. Бірақ, ведомстваның бұл бұйрығы жарты жылды ғана қамтыды. Яғни, сәуірде мерзімі аяқталды. Сөйтіп, жағдай баяғыша жалғасты.
Ал, қазір жаппай мал соятын кез таяп келеді. Сондықтан, кәсіпкерлер шикізат тағы тонналап шекара аса ма деп қорқып отыр. Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы бұл жолы Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолдаған. Соңғы үміттері осы ведомствада. Десе де, министрліктегілер ол хаттың қайда түскенін әлі білмейтін болып шықты. Сондықтан, олардың мәселені майшаммен қарап жатқанына күмән бар. Ал, бұл жолы билік шикізаттың Қытай, Түркияға шығарылуына тыйым салмаса, еліміздегі тері өңдейтін зауыттардың түбегейлі жабылып қалатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!