Туризмге қыруар қаржының бөлінуі сенаторлардың ашуын туғызды
Адам өмірін құтқаруға табылмаған теңгені туризмге жұмсамақ. Бүгін сенатор Бірғаным Әйтімова мемлекеттің миллардтарын бөлгізіп, тағы бір ұлттық компания - «Қазақ туризмді» құрған Үкіметті сынады.
Автор: Жәудір Оразхан
19.10.2017
Бірғаным Әйтімова, Сенат депутаты:
- Ұлттық экономика министрілігінің саясатын түсінбедім. Тұрғындардың денсаулығына, адам өміріне қатысты мәселе көтерсек - ақша жоқ дейсіздер. Ал туризмге қаржы қайдан табылды? Әлде ұлттық компаниялардың басшысынан қарапайым қызметкерлеріне дейін асырау - мемлекеттің міндеті ме? Туризм – бизнес орта. Оған бюджеттің ақшасын шашып, компания құруға болмайды
Әйтімова акционерлік қоғам болып құрылған ұлттық компаниялар өз күнін өздері көрсін деп отыр. Бұл да бизнес. Қазынаға алақан жаятын жөні жоқ.
Бүгін Үкімет алдағы үш жылдың бюджетін Сенатқа таныстырған. Депутаттар жаңадан құрылған «Қазақ туризм» ұлттық компаниясына бөлінген қыруар қаржыны көріп, шалқаларынан түсті. Жалпы туризмге келесі жылғы бюджеттен 1 миллиардтан астам теңге қаралған. Оның 635 миллионы «Қазақ туризм» компаниясына беріледі. Депутаттар әлеуметтік, денсаулық сақтау саласына ақша сұраса, шенеуніктер «қаржы жоқ» деп жолатпайды екен. Алайда, атқамінерлер алған бетінен қайтар емес. Айтуларынша, туризмге салған қаржы еселеп қайтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!