Бензин бағасы қанша теңгеге қымбаттайды?
Бозымбаевтың бензин бағасына қатысты болжамы жалған болып шықты. Бүгін сол Энергетика министрінің орынбасары жанармай құны жақында 165 теңге дейін қымбаттайды деп, басшысының сөзін жоққа шығарды. Әйтпесе, алдағы уақытта бензин бағасы 161 теңгеден аспайды деп Қанат Бозымбаевтың сендіргені күні кеше ғана болатын. Министрге қарағанда вице-министр сөзінің жаны бар. Өйткені, қазірдің өзінде елімізде жанармай құю бекететрінде АИ-92 маркалы бензин 158-160 теңгеден сатылуда.
Автор: Жәудір Оразхан
19.10.2017
Жанармай тапшылығы біраздан бері Энергетика министрігіндегілердің бас ауруына айналған. Сондықтан қазір түрлі баға айтып, шенеуніктердің өзі шатасып жатыр.Бүгін Энергетика вице-министрі Бозымбаевтың екі күн бұрынғы болжамын жоққа шығарып, жанармай құнының мұнымен шектелмейтінін ашық айтты. Бақытжан Жақсәлиевтің сөзінен ұққанымыз - қымбатшылықтың көкесі алда. Бензин бағасы қазіргіден әлі 6-7 теңгеге өседі. Басқа жол жоқ. Ресейдің бензинін біздің жанармай құю бекеттеріне жеткізгенше осы баға шығады екен.
Бақытжан Жақсәлиев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Қазір бензин белгілі бір деңгейде қамбаттап жатыр. Біздің ойымызша, АИ-92 маркалы бензиннің литірі 165 теңгеге дейін жетеді. Жанармай тасымалына қатысты қиындықтар шешілген соң, бензин қоры артып, баға төмендеуі мүмкін.
Қазір нарықта жанармай бар. Үкімет Ресейден қажетті бензинді сатып алған. Бірақ бағасы қымбат. Бұған дейін Энергетика министрі қазанның соңында жанармайдың орташа құны 160-161 теңге болады деп еді. Қазірдің өзінде Астанада АИ-92 маркалы бензин 157-158 теңгеден сатылуда.
Басқа өңірлерде де бензин құны 156 мен 159 теңге аралығында. Өзгені айтпағанда, жанармай бағасына қатысты мұнайлы өңірдің жүргізушілері де мұңдарын шағып жүр. Қара алтын үстінде отырса да батыстағы баға да күнде шарықтап барады.
Ақтөбенің өзінде жергілікті шағын зауыттан шығатын бензиннің бағасы арзан. АИ 92 онда 149 теңге. Бірақ аймақ түгілі қаладағы жүргізушілердің сұранысын ол қанаттандыра алмайды. Ал басқа бекеттерде 158 теңгеден басталады. Қазір қымбатшылыққа қатысты көлік жүргізушілерінің пікірін тыңдап көрейік.
Ерлан Данағұлов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Бензин де қымбаттап жатыр. Бұл қай жаққа бара жатқанын білмеймін. Нефть өзімізден шығып жатыр. Бензин қымбаттай берсей білмеймін. Енді ел жаяу жүре ма? Қалай жүреді? Все подоражает. Бәрі бензинге қарап тұр ғо.
Шенеуніктердің болжамына сенсек, жанармай тек қарашаның ортасында аздап арзандауы мүмкін. Өйткені, бір айдан кейін еліміздегі мұнай өңдейтін үш зауыт та толық іске қосылып, отандық бензиннің көлемі артады екен. Бірақ, сарапшылар бір көтерілген бағаның қайта түсуі мүмкін емес дейді. Яғни, отандық мұнай зауыттары қайта жұмысқа кіріскенмімен, жағдай өзгермейді. Ал жанармаймен бірге елімізде жұрт күнделікті тұтынып отырған азық-түлік пен тауарлардың да құны шарықтауда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!