Павлодарда трамвай қағып кеткен бала кілтін алмақ болған
Павлодарда трамвай қағып кеткен баланың нақты не себепті вагон астына қарай жүгіргені белгілі болды. Арнайы тексерісті аяқтаған полицейлердің айтуынша, жеткіншек рельс арасына түсіп қалған кілтін іздеуге ұмтылыпты.
Автор: Әйгерім Шакаманова
20.10.2017
Куәгерлер де баланың қауіпсіздік шараларын сақтамағанын айтады. Жолда тұрған жеткіншекті көрген жүргізуші дабыл белгісін қосып, жылдамдықты азайтқанымен, ештеңе өзгермепті. Ақыры трамвай қағып, жарақаттанған бала ауруғана жеткізілген болатын. Миы шайқалып, денесі де зақымданған оның қазіргі жағдайы жақсы. Ал жол апаты бойынша тексеріс жүргізген тәртіп сақшылары жеткіншектің вагон астына әдейі барып түспегенін айтуда. 12 жастағы оқушы абайсызда рельс арасына түсіп кеткен кілтін аламын деп жүгіргенде, трамвайды байқамай қалыпты. Жүргізушісі тарапынан еш олқылық таппаған полицейлер оны жауапқа тартпаймыз деп отыр.
Руслан Оспанов, Павлодар облысы ІІД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы:
– Трамвай жүргізушісі тежегішті дер кезінде басқанымен, вагонды бірден тоқтату мүмкін болмаған. Сондықтан оған қатысты ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!