Алматы облысында төзімі таусылған ұстаз газет-журналға жазылуға мәжбүрлейтін басшылықтың әрекетін жайып салды
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
20.10.2017
Ұстазды қанау! Алматы облысында мұғалімдерді газет-журналға жазылуға мәжбүрлеу әлі тоқтамаған. Мектеп қызметкерлері қажетсіз басылым үшін 10 мың теңге беруге биыл да міндеттелуде. Ал, басшылықтың бұл бұйрығын орындамаса, қуғын-сүргінге ұшырайды екен. Мұғалімдерді газет-журналға жазылуға мәжбүрлеуді доғару мәселесін бұған дейін депутаттар да талай көтерген. Бірақ, одан еш нәтиже шықпапты. Жылдар бойы осы қалыптасқан жүйеге үнсіз көніп келген ұстаздардың бірі бүгін жан айқайын біздің тілшімізге айтып берді.
Манар Кәшепова қазір газеттен үй салатын жағдайға жеткен. Онда да оларды оқу үшін емес, амалдың жоқтығынан сатып алады. Яғни, мектеп басшылығы міндеттейді. Ұстаздық еткен 27 жылдан бері көргені осы. Ал, айлығының 10 мың теңгесін газет-журнал үшін жырып бермесе, қуғын-сүргінге ұшырайды екен.
Манар Кәшепова, мұғалім:
- Бермесем келесі жылы сентябрьде сағаттан қысады. Сағат бермей қояды. Класс бермей қояды. Сондай жағдайлар болады. Қуғын-сүргінге ұшыраймын.
Содан қорқып, мұғалімдер басылымға амалсыз жазылатын көрінеді. Айтуынша, тек Панфилов ауылындағы №33 орта мектеп емес, Талғар ауданындағы барлық білім ошағындағы жағдай осындай.
Манар Кәшепова, мұғалім:
- Бәрі наразы. Өйткені, кішкентай ғана аз ақшамен өмір сүріп жатырмыз біз. - Бейшара біз мұғалімдер басқа организацияларды, мынаның редакциясын, мына газеттің редакциясын ақшамен қамтамасыз етеміз. Ал мынаның ішінде бізге керекті ешқандай ақпарат жоқ. «Учитель Казахстана», «Қазақстан мұғалімдері» деген болса жарайды.
Тіпті, оқушылардан да газет-журналға ақша жиналады дейді ашынған ұстаз. Ал, мектеп директоры ол басылымдар мұғалімдердің сауатын аша түсу үшін қажет деп отыр. Сондықтан, одан қаржыны аямауға кеңес берді.
Эльмира Баймолдаева, мектеп директоры:
- Мен ойлаймын бұл газетте бәрібір еліміз туралы, неше түрлі мына жаңғыртуға байланысты мақалалар шығарып жатыр, өзіміз үшін мен ойлаймын, өзіміздің сауатымыз үшін бұл газет керек. /01:41:39/ - Ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпын.
Артынша директор мұғалімдерден ақша жинаған кітапханашы деп ақталды. Ал, оның өзі бүгін әлдебір семинарға кетіп қалыпты.
- Бұл жерде кітапханашы мұндайды ұйымдастыратын.
Ұстаздардың жалақысынан ай сайын түрлі басылымдарға деп ақша ұстап қалуды тоқтатуды депутаттар да талап етумен келеді. Өйткені, мұның ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан үрдіс екені жасырын емес.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
-Мемлекеттік қызметкерлерді, әсіресе, мұғалімдерді газет- журналдарға мәжбүрлеп жаздыру әлі жалғасып келеді. Отандық басылымдар осы жолмен күн көруді жалғастыра бере ме? Одан да газет-журналдар реформа жасап, сапасын арттырмай ма?
Бірақ, Мәжілісте көтерілген мәселе әлі шешімін табар емес. Ұстаздардың да шыдамы таусылып барады. Олар енді өздерін оқымайтын газеттен министр Ерлан Сағадиевтің өзі құтқарса дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!