{metadescription}
Астанаға көгілдір отын тартуға ақша табылмай отыр
Астанаға көгілдір отын тартуға ақша табылмай отыр

Астанаға көгілдір отын тартуға ақша табылмай отыр

Етікке жарымаған етікшінің күні! Болашақ энергиясы көрмесін өткізіп алып, көмірмен жылынып отқан Астанаға көгілдір отын жақын арада жетпейтін сынды. Себеп - газ өндіретін ұлттық компаниялардың да, бюджеттің де бас қалаға табиғи таза отын жеткізуге артық ақшасы жоқ. Есесіне Энергетика министрлігі бензин тапшылығын бір айдан кейін толық шешеміз деп сендірді.

Үкімет отырысының күнтәртібіне қарамастан журналистер Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты аңдуды соңғы айда әдетке айналдырған. Өткен аптада бензиннің болашақтағы бағасы жайында оңды-солды болжам жасаған министрдің, осы аптада сөзі аз. Жаңғырту бітіп, жанармайға жаримыз деген министр, күн жақындағанда жетілген зауыттың баға саясатына қалай әсер ететінін де болжағысы келмейді.   

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Үш күннен кейін Павлодар зауыты іске қосылады. Жүйелі жұмысқа екі күнде шығуы тиіс. Павлодарлық бензиннің нарыққа келуімен баға реттелуі тиіс. Алдын-ала бағаны айтқым келмейді, шамамен қарашаның соңында айта аламын.

Бағаның қандай болары қарашаның екінші жартысында белгілі болады. Бір анығы, еркін сауда деп бағаны шарықтататын мұнайшылардың қу тірлігіне ендігі жерде министрлік тұсау салмақ.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

–Желтоқсанда жанарамайдың 20 пайызы ғана ресейлік, қалғаны өзіміздің өнім болуы тиіс. Ендігі мәселе, бағаны төмендету үшін қарашада мұнайшылармен, зауыттармен жақсылып жұмыс жүргіземіз. Тәбеттерін басқызу керек.

Алайда бензин бағасына мемлекеттің араласуын алып тастағанда, министрдің қайтып тәбет тияры белгісіз. Десе де, Бозымбаевтың бір ойлағаны бар шығар, халыққа арзандайды деген сөздің өзі-ақ жағып тұр. Мұнайшылардан бөлек, газ өндірушілердің де тәбетін тексеру артық етпейтін сыңайлы. Себебі, газ операторлары өндірген көгілдір отынның 70 пайызынан астамын, жақсы бағамен сыртқа сатып отыр. Бірақ ішке дегенде, іштері тар.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Бізде газ жетіп артылады. Шамамен жылына 50 млрд текше метр өндіреміз. Оның 13 млрды ішкі сұраныс, артылғаны экспортқа кетеді. Ал биыл экспорт артады, себебі биыл Қытайға көгілдір отын сата бастадық. Баға өте тиімді.

Ал артылғаны 37 млрд текше метр. Астанаға бар-жоғы 350 млн текше метрі қажет. Экспортын ширатса да, халық үшін инвестиция құюға келгенде біздікілер сараң. Ұлттық оператор ҚазТрансГаздың да, ҚазМұнайГаздың да құбыр салуға ақшалары жоқ, несиелік қарыздары бастарынан асады дейді министр.

Елордаға газ жеткізудің құны 266 млрд теңге. Мемлекеттік сарапатамадан өтіп қойған жоба да бар. Оның ендігі тағдыры бір-ақ қолға қарап тұр дейді министр. Қаражатты не Ұлттық қордан, не қазынадан алдырту туралы Үкіметтің шешімі керек. Ал Бозымбаевтың инвесторды сырттан іздеуге кірісіп кеткенін ескерсек, оң шешімнің Үкіметтен жақын арада шыға қоюы екіталай. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде