Ақтауда балконнан секіріп кеткен ана мен бала туралы жаңа дерек шықты
Ақтауда қызымен бірге балконнан секірген әйелден жәбір көрдік дегендер көбейіп жатыр. Яғни қазір ауруханада жатқан 40 жастағы Зарина Байдосованы ұры деп кінәлағандар Шымкенттен де, Алматыдан да шығуда. Қызымен бірге Шымкентте жалдаған пәтерінің түгін қалдырмай тонаса, Алматыда жұмысқа кірген букмекерлік кеңсенің кассасын бір күн өтпестен үптеп кеткен. Соның кесірінен жұмыссыз қалған келіншектер Зарина Байдосова қылмысты бір өзі емес, сыбайластарымен жасаған деп мәлімдеді.
Автор: Бек Әбиев
24.10.2017
Әсемгүл Қожатаева Зарина Байдосовамен былтыр қараша айында риелтор арқылы танысқан екен. Шымкентке жұмыс іздеп қызыммен келдім деген соң түйдей құрдасына сенген әйел жалдамалы пәтеріне кіргізген. Пәтер ақысының өзін үзіп-үзіп берген Зарина бірнеше айдан кейін тіпті жоғалыпты. Телефонды да көтермей қойған соң сәуір айында баспанаға есігін бұзып кірген. Қаңыраған пәтерді көргенде абдырап қалдым дейді Әсемгүл.
Әсемгүл Қожатаева, Шымкент қаласының тұрғыны;
- Екі бөлмелі пәтерім жылан жалағандай күйге түскен. Екі теледидарым, кір жуғыш машинам, кресло-диван тұрмақ, едендегі кілемдерім мен көрпе-төсегіме дейін алып кетіпті. Осыдан кейін мен де риелтор да қанша мәрте телефон шалып өзін ала алмадық.
Ал алматылық мына келіншектер Заринаның кесірінен жұмыссыз қалдық деп отыр. Букмекерлік кеңседе әкімші болып жұмыс істеп жүрген Виктория мен Вераға келген Зарина қызметке алуын өтініпті. Әуелде пысық болып көрінген соң үш күн тәжірибеден өткізген. Сөйтіп, ресми түрде жұмысқа алынған бірінші күні кассаны үптеп, 480 мың теңге алып кетіпті.
Вера Нысанова, Алматы қаласының тұрғыны;
-Жұмыссыз жүріп қалдым, жалғызбасты анамын деп жағдайын айтқан соң жұмысқа алдық. Алғашқы үш күн бақылап көргенімізде жүрісінен ешқандай күдік білінбеген. Содан соң сенімге ие болып, мүмкіндік туа сала кассадағы ақшаны сыпырып кетті. Қызметкер таңдауда қателік жібергеніміз үшін жұмыстан қуылдық.
Бұлар дәлел ретінде букмекерлік кеңсенің бейнебақылау камерасына түсіп қалған видеоны көрсетеді. Мұнда кассада отырған Зарина Байдосованың ақшаны сыпырып алып, қашып бара жатқаны көрініп тұр. Тіпті, далаға шыққан соң зуылдап келген көлікке отырып тайып тұрады. Сондықтан Виктория мен Вера оның сыбайласы бар деген ойда.
Виктория Феоктистова, Алматы қаласының тұрғыны;
- Зарина Байдосова бір өзі жасауы мүмкін емес. Барлығы алдын ала жоспарланған. Әйтпесе, неге көшедегі көлікпен сөйлеспестен-ақ отырды да зуылдап кетіп қалады? Тергеушілер осыны неге тексермейді?
Айта кетсек, бір апта бұрын Зарина Байдосова Ақтауда қызымен бірге балконнан секірген еді. Кейін оның ұрлық істегені үшін ұстаған полицейлерден қашқаны туралы айтылған. Ал қызының да, өзінің де миы шайқалып сүйектері сынған әйел полицейлер мен кей тұрғындардың ауыз жаласқанының құрбанымын деп бет бақтырмай отыр.
Ауруханада жатқан Зарина Байдосова бірнеше күн бұрын тілшілерді шақыртып кінәсізбін деп жар салса, енді тіпті өзіне ешкімді жолатар емес. Онсыз да «ұрлық» дерегімен тергеліп жатқан әйелге қатысты кеше ғана тағы бір алматылық келіншек 25 мың долларлық алтын бұйымдарын ұрлағаны туралы шағым түсірген. Оны ұры деп айыптағандар көбейгенімен, тергеу органдары әзірге бұл іс туралы тіс жарған жоқ. Күн сайын жаңалығы шығып жатқан іспен қазір Маңғыстау прокуратурасы айналысуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!