Елімізде қант пен кәмпит қымбаттауы мүмкін
Қымбатшылық қант пен кәмпитке де келе жатыр. Қант қызылшасы өндірісінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге бұдан былай сырттан қант сатып алуға тыйым салмақшы. Куба, Тайландтан әкелінетін арзан қантқа шүйліккен көрші ол тұрмақ біздің тәттіге де шектеу қоймақ. Өйткені, қазақстандық өнімнің кесірінен өздерінің кәсіпкерлері шаш етектен шығынға батып жатқан көрінеді. Тек отандық кондитерлер мұндай сылтаумен мүлде келісіп отырған жоқ. Айтуларынша, өз өнімін қайда жіберерін білмеген Ресей әдейі қулыққа көшкен. Яғни, бәсекелестерден...
Автор: Аруна Ортай
24.10.2017
тылып, нарықты тек өзі билемекші екен. Ал көршінің тәттісі удай қымбат екенін ескерсек, Ресейдің дегені бола қалса, шайды қантсыз ішетін күн алыс емес сыңайлы.
Көрші қамбасының аузы-мұрны қантқа толғанына отандық кондитерлер мүлде қуанып отырған жоқ. Қайта алаңдаулы. Биыл қант қызылшасы өндірісінен АҚШ, Германия, Франция секілді алыптарды артта қалдырып, әлемдік рекорд орнатқан Ресей енді Еуразиялық экономикалық аймаққа ешкімді жолатқысы жоқ. Ол тұрмақ, өзінің ішкі нарығын одақтастарынан қорғамақшы.
Ерлан Ахметов, Қазақстан кондитерлер қауымдастығының вице-президенті:
- Біздің импортты шектемекші. Біздің импортты шектеп шетелден алатынды, шетелден алатын импорттық қантқа бізде жеңілдіктер бар ғой сол жеңілдікті жойып, өзінің қантын бізге сатпақшы. Шетелден әкелетін қантқа жеңілдіктерді алып тастайтын болса, онда бізге тиімсіз болады алу. Кедендік баждар бар, басқалар бар, сондықтан біз қайда барамыз? Көршіге барамыз.
Яғни, Қазақстанда қант өндірісі әлсіздеу болғандықтан, одақтастар алыс шетелдерден шекерді кедендік баж салығынсыз тасымалдауға рұқсат еткен. Соның нәтижесінде, Кубаның арзан қантын тұтынып келдік. Десе де, бұл жайт Ресейдің ауыл шаруашылығы министрі Александр Ткачевтің көзіне тікендей қадалып, енді шенеунік оны алмай қоймайын деп тұр. Федералдық арналардың біріне берген сұхбатында Ткачев, қантқа жеңілдікті алған былай тұрсын, одақтастар тек біздің өнімді тұтынсын деп отыр.
Александр Ткачев, РФ Ауыл шаруашылығы министрі:
- Одақтастарымыздың, атап айтқанда Белорусь пен Қазақстанның алыс шетелдерден баж салығынсыз қантты сатып алып жатқанына біз үлкен алаңдаушылық білдіреміз. Өйткені, бұл жағдай біздің ресейлік, еуразиялық нарықты бұзып отыр. Салдарынан, біздің шаруалар мен біздің зауыттар шығыннан көз ашпайды. Қазірдің өзінде 70-80 миллиард рубль шығын келді деп шамалап отырмыз. Бұл біздің экономика үшін үлкен соққы. Сондықтан, әріптестерімізді жағдайды реттеуге шақырамыз. Егер әрі қарай осылай жалғаса берсе, импортқа шектеу қоямыз. Өйткені, біз өзіміздің өндірушілерімізді қорғауымыз қажет.
Десе де, отандық кондитерлер көрші елдің қулыққа көшіп отырғанын айтады. Өйткені, бүкіл Ресейдегі қант импортының Қазақстан тек 1 пайызын құрайды екен. Керісінше, бізге тасымалдап отырғаны әлдеқайда көп. Бақандай -23 пайыз. Енді басқаларды тықсырып, соны 100 пайызға жеткізбекші. Ал Ресейдің қанты әлдеқайда қымбат екенін ескерсек, тәттінің бәрі қымбаттап шыға келмек.
Мына бір кіп-кіштентай түйірдің құрамында какао, май, құрғақ сүт, әрине негізгі құрамдарының бірі-қант бар. Яғни, қант қымбаттады деген сөз ол дастарханның сәніне айналған барлық тәтті-мәттінің қымбаттауына әкеліп соғады деген сөз.Тек кәмпит емес, қанттан жасалатын сусындардың да бағасы үш есеге дейін көтерілуі мүмікн.
Әлия Мамытбаева, ҚР алкогольсіз сусын мен шырын өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры:
-Қант тәтті сусындарды шығаруда негізгі шикізат. Сондықтан, қант қымбаттаса, қымбатшылықтан біз де қашып құтыла алмаймыз. Ресейдің ұсынысы бізді де бүйірден соғайын деп тұр. Үш есеге дейін қымбат сусынды кім сатып ала қояды? Сауда әлсірейді, ал бұл мына біздерге кәсіпкерлерге соққы боп тимек.
Осылай деп шырылдаған шырын өндірушілер енді Үкіметтен араша сұрап отыр. Өйткені, өз қантын өткізуді көздеген Ресей мәселені ертең Ереванда өтетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің отырысында көтермекші. Десе де, ресейлік шенділердің мінез танытуын жергілікті журналистер де жақтырып отырған жоқ. «Ведомство» баспасының хабарлауынша, Ткачевтің өзі елдегі ең алып қант зауытының қожайыны екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!