Елімізде «Алтын жүрек» атауы үшін талас күшейді
Жақсылық жауапсыз қалмайды! Қайырымдылықтан ақша аямаған отандық кәсіпкерлер мен компаниялар «Алтын жүрек» атағы үшін таласып жатыр. Дәстүрлі жүлдеге үміткерлер қатарында Алматы зообағындағы аңдарға үй салып берген кәсіпкер бар. Өз жағдайы болмаса да, қарттарға тегін ас таратқан әйел де «Алтын жүрекке» ұсынылған. Қазір 400 қайырымды жанның ішінен ең үздік 33 үміткер іріктелді. Ал, сыйлыққа олардың тек 11-і ие болады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
25.10.2017
Рәсима Темербаева қалтасы қалың кәсіпкер емес. Бірақ, тапқан-таянғанын қайырымдылықтан аямайды. 2 жылдан бері қарттарға тегін ас үлестіреді. Өзгелерді де осы игі іске тартып жүр.
Рәсима Темербаева:
- Кішкентайымнан мұқтаж жандарға көмектескім келіп тұрады. Осы уақытқа дейін 40 мың түскі ас таратыппыз. Бізге келетіндердің көбі зейнетақысы аз қарттар. Арасында Ұлы отан соғысының ардагерлері де бар.
Бұған дейін Алматы зообағындағы аңдардың адам аяйтын жағдайын талай айтқанбыз. Ескі торға қамалған жыртқыштарға келген-кеткендер тас лақтырып әбден мазасын алған еді. Сол аңдарға араша түскен Сергей Спицын. Алматылық кәсіпкер алдымен ақ аюға баспана салып берді. Артынша Гималай аюы мен Амур жолдарысына да қамқорлық жасады.
Сергей Спицын, кәсіпкер:
- Аюға еркіндік керек.Сондықтан, оған бұрынғыдан әлдеқайда кең баспана салып бердік. Ол биік ағашпен қоршалды. Жуан әйнектер орнатылды. Арнайы бассейні де бар. Тіпті, вольердің ішіне салқындатқышқа дейін орнатылды.
Кәсіпкер тек зообақпен шектелмепті. Өзі спортқа құмар ол Медеуге барар жолдан туристер үшін тегін демалыс орнын салып берген. Тіпті, сонау Мыңжылқының басына да орындықтар орнатыпты. Бұл тауға шыққандардың қауіпсіздігі үшін қажет. Яғни, жаңбыр мен бұршақ жауса қорғанатын бірден-бір жер. Сергей таудағы «Горельник» бұлағына да өз қалтасынан қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Шипалы суға түсіп, ем тапқан жұрттың оған деген алғысы шексіз.
- Тегін дүние ашып қойған бұл кісіге рахмет. Қандай рахат. Бірінші суық суға түседі екенсің де, артынан келіп мына жылы суға түседі екенсің. Ең денсаулыққа пайдалы.
Бұларды «Алтын жүрекке» ұсынатын да осындай тұрғындар. «Бауыржан» қайырымдылық қоры 11-інші рет ұйымдастырып отырған сыйлықтан үмітті компаниялар да бар.
Гүлзат Сахова, «Алтын жүрек» сыйлығының бас үйлестірушісі:
- 400-ден астам өтініш түсті. Олардың ішінде 2 қоғамдық кеңес, эксперттік кеңес нәтижесінде біз 33 номинантты іріктедік ең үздік деген. Яғни, бізде тұрақты 11 номинациямыз бар. 11 номинация бойынша әр номинацияда 3 адамнан.
Бір қуантарлығы, қайырымдылық жасауға құштар жандар саны жыл сайын көбейіп келеді. Олардың ішіндегі нағыз алтын жүректі адам кім?! Ол осы жұмада «Алтын жүрек» сыйлығының салтанатты марапаттау рәсімінде белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!