Мәжілісте алаяқ сатушыларға қатысты заң жобасы дауға ұласты
Үкімет тұтынушыны алдап, сапасыз тауар сатқандарға айыппұлды төмендетпек. Ішкі істер министрлігі жұртты сан соқтырған кәсіпкерлерге де барынша жеңілдік жасап отыр. Полицейлер Әкімшілік кодекске осындай өзгеріс енгізіп, бүгін Мәжіліске әкелді. Бірақ депутаттар бұл баппен мүлдем келіспейді. Халық қалаулылары, керісінше, арам ақшаға құныққандарды қатаң жазалау керек деген пікірде. Астаналық әріптесім қазір тікелей эфирге шыққалы тұр.
Автор: Жәудір Оразхан
25.10.2017
Үкімет түрлі қитұрқылыққа салып, жұртқа құжатсыз тауар, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, сапасыз киім-кешек сатқан кәсіпкерлерге айыппұлды 30 пайызға төмендетпек. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік кодекске осындай өзгеріс енгізіпті.Алайда депутаттар бұл баппен мүлдем келіспей отыр. Өйткені сауда орталықтарына кірген адам күнде алданады дейді мәжілісмендер. Халық қалаулылары тұтынушының құқығын қорғауға жауапты Ұлттық экономика министрлігінің бұл өзгеріспен қалай келіскеніне таң.
Снежанна Имашева, Мәжіліс депутаты:
- Тауардың сөредегі бағасы мен кассадағы құны екі түрлі болып шығады, көбіне салмағы да сай емес. Және жұрт дәріхана мен тұрмыстық техника сататын дүкендерге жиі шағымданады. Яғни, айыппұлды төмендету негізсіз.
Полицейлердің айтуынша, биыл алданған он адамнан шағым түсіпті. Азаматтар дер кезінде арыз жазбайды дейді Ішкі істер министрлігіндегілер. Дегенмен депутаттар бұл бапты екінші оқылымда тағы талқыламақ. Керісінше, жұртты сан соқтырған кәсіпкерлерге жазаны қатаңдатуы мүмкін.
Әкімшілік заң бұзған адамды қамауда ұстау уақыты ұзартылмақ. Және жеңіл қылмыс жасағандарды бірден жазаламайды, көп жағдайда алдымен ескерту алады. Депутат Омархан Өксікбаев бұл өзгеріс қосымша қаржы талап етеді деп уайымдап отыр.
Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:
- Әкімшілік жазаны 24 сағатқа дейін созамыз деп отырмыз ғой. Бұл да қосымша қаржыны талап етеді. Өйткені 3 сағаттан 24 сағатқа ұстайтын болсақ, оны ұстайтын орын керек. +02.37. Осы Ішкі істер органдары осыны қамтамасыз ете ала ма екен? Ертеңгі күні біз түрме саламыз деп бізге тағы да ақша сұрап шығады. Осыны да есептеген жөн шығар.
Сондай-ақ, депутаттар кәсіпкер заң бұзбағанымен, қоғамға аса зияны тимесе, оны жазадан босату туралы бапты Әкімшілік кодекске қайтару керек деген ұсыныс жасады. Құжатты әзірлеген Әділет министрінің айтуынша, шенеуніктер бұл мәселеге қатысты өзара ортақ келісімге келе алмапты.
Мәжіліс залынан шыққан соң Марат Бекетаевтан жол ережесін бұзғандарға айыппұл көлемі қаншалықты өзгергенін, жалпы әкімшілік жазаға енген өзге де өзгерістерді нақтырақ сұрап, білгіміз келген. Министр журналситердің бір де бір сауалына жарытып жауап бермеді.
Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:
– Көп айыппұлдар. Біз пресс-релизді шығарамыз, сол пресс-релизден сіз...
-ну, по факту...
Дархан, у нас есть какая-то справка?
Осылайша Әділет министрі Мәжіліске өзі алып келген заңда не жазылғанын өзі білмейді. Қаумалаған журналситердің ортасында тұрып қайта-қайта көмекшілеріне жалтақтаумен болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!