Алматыда бақандай 32 миллион теңгені қолды қылды деп айыпталған бухгалтердің соты басталды
Алматыда хайуанаттар бағынан бақандай 32 миллион теңгені қолды қылған бухгалтердің соты басталды. Жануарлардың ақшасын бір жыл бойы білдірместен жеп келген келіншектің оның ішіндегі қымбат мүлікті де шетінен үйіне тасыған деп айыпталуда.
Автор: Аруна Ортай
25.10.2017
Ержан Құрақбаев, Медеу аудандық прокурорының көмекшісі:
-Өзінің қызметтік құзіретін пайдаланған Марина Назарова Алматы хайуанаттар бағына тиесілі компьютерлер мен бірнеше қымбат сканерлерді де қолды қылған. Яғни, құрал-жабдықтардың жаңа болғанына қарамастан, оларды ескі етіп көрсетіп, кейін өзі иемденген.
Тергеу ақпаратынша 36 жастағы бухгалтер зообақты бір жыл бойы білдірместен тонапты. Сатылған билеттер ақшасының басым бөлігін өзі алып, ал зообаққа тек тиын-тебен өткізіп жүрген. Сөйтіп, бақандай 32 миллион теңгені ішіп-жеп қойды дейді тергеушілер. Басшылығы жиі ауыса берген соң есепшінің былығын анықтау мүмкін болмапты. Десе де, аң-құстың аузынан жырып ақша жеген кассир өз кінәсін мойындап отырған жоқ. Айтуынша, мекемеде одан бөлек тағы 5 бухгалтер жұмыс істеген. Яғни, ақшаның жоғалуына солардың да қатысы болуы мүмкін. Айта кету керек, бұл оқиға аты-шулы Қанат Кәрімовтың директорлығы тұсында болған. Басынан дау арылмаған басшы аң-құстары арам қата берген соң ақыры қызметінен кетіп тынған болатын. Десе де, зообақтан ақшы жымқыру фактісі қатысты бұрынғы басшы сотқа шақыртылмаған. Тек қатардағы қызметшілері ғана түсініктеме беріп жатыр.
Ару Тәжібаева, Алматы хайуанаттар бағының бухгалтері:
-Билеттерді басып шығарып, ақшасын алып, жиналған ақшаны күнделікті өткізіп жүргенбіз. Ақшаның қалай тоналғанын білмеймін. Маринаның өз құпия коды болған. Оған бас бухгалтер арнайы есептерді тапсырған. Ол компьютерді жақсы меңгерген. Мүмкін өзі есепті өзгерткен болуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!