Бюджет ақшасын миллиондап ұрлаған шенеунік сотталды
Бюджеттің миллиондарын қалтасына басқан тағы бір шенеунік түрмеге аттанды! Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары алдағы 3 жыл 9 айын қамауда өткізбек. Ол ауылдардағы мәдениет нысандарын жөндеп, жаңадан спорт алаңдарын салуға бөлінген 38 миллион теңгені қалтасына басқан.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
25.10.2017
Негізі Қайырғали Назаровтың қарауында бюджеттің 100 миллион теңгесі болыпты. Бұл қаржы қазынадан ауылды көркейту үшін бөлінген. Яғни, саябақ пен спорт алаңдарын салып, ескі ғимараттарды жөндеуге беріліпті. Ал, мұғалжарлық шенеунік ол үшін қарамағындағы ауыл әкімдерін бір ғана компаниямен келісімге отыруға мәжбүрлеген. Сөйтіп, олар Назаровтың айтқанына амалсыз көніпті. Ал, шенеунікпен серіктес компания жоспардағы барлық жұмысты атқарғанымен, тым арзан материалдар пайдаланған. Жаңадан орнатқан турниктері мен қоршаулары да сапасыз. Есесіне құжатқа алған затының ақысын бірнеше есе қымбат көрсеткен. Осы қылмысы үшін атқамінер алдымен 5 жылға сотталды. Бірақ, артынша жазасы жеңілдеген. Рақымшылыққа ілініп, түрмеде 4 жылдай отыратын болды. Бұған қоса, барлық мүлкі тәркіленеді. Мұндай жаза пайданы бөліскен компания басшыларына да берілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!