Тікелей эфир: Криптовалютаға ақша құю қауіпті ме?
Криптовалютаға ақша құйғандардың құлағына алтын сырға! Ұлттық банк, электоронды ақша жүйесі қауіпсіз емес екенін ресми түрде ескертті. Ауада қалықтаған жүйе жойылса, Үкіметтен үміт күтпеңдер дейді Данияр Ақышев. Ал бұған дейін Астана халықаралық қаржы орталығының басшысы Қайрат Келімбетов, керісінше елорданың төрін электронды ақшаның алаңына айналдырамыз дегені есте.
Автор: Азамат Алдоңғаров
25.10.2017
Бүгін Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, соңғы уақытта әлемде сәнге айналған криптовалютаға қатысты қатты айтып, оған ақша құйғандардың зәресін ұшырғаны рас. Оған көшпес бұрын, журналистермен төрағаның кез-келген кездесуінің кіріспе сөзіне айналған ақпараттан бастасам. Теңге мен доллардың додасына қатысты Ақышевтің ақпараты мынадай.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
-Ешқандай проблемалар жоқ. Жыл басынан теңгенің әлсіреуі жарты пайызды құрады. Ұлттық банк интервенциясының көлемі қыркүйекте 70 млн долларды құрады. Ешқандай мәселелер қазір жоқ.
Бір қуантатыны, Ақышев, бензинмен бірге еркін саудаға түскен теңгенің бағасын, Бозымбаев сияқты болжап әуре болмайды. Нақты есепке сүйенеді. Сондықтан болар, азын-аулақ жиған қорымды, теңгемен сақтаймын дейді. Төрағадан үлгі алайық деуге ауыз бармайды, себебі кезінде теңге жинаған экс-төраға Қайрат Келімбетовке сенген біраз адамның депозиттері девальвациядан жүдеп қап еді. Келімбетов демекші, бүгінгі жиыннан қос банкирдің кей мәселелерде ойлары қабыспайтынын көрдік. Мәселен криптовалютада. Ақышев ауаға құрылған электронды ақша жүйесі желге ұшса, үкіметке жылап келмең дейді. Ресми түрде ескертеді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
-Мы направили свое предложение – Біз криптовалюта бойынша бірқатар қатаң шара қолдану туралы ұсынысымызды Үкіметке жолдадық. Мәселен электронды ақша үшін ұлттық валютамен есеп айырысу, криптовалютаны өндірушілердің жұмысына тыйым салу. Келесі бір мүлдем басқа бағыт – оның өндірісін орталықтандырып, мемлекет бақылауына алу.
Желтоқсанда орталықты жандандырамыз деген Астана қаржы орталығының басшысы солай деген. Бірақ Үкімет Ақышевтың уәжін құп көрсе, Келімбетовке криптовалютадан айнуға тура келетін сияқты. Немесе, басқа жолы бар. Ұлттық банк электронды ақшаны өзі шығара бастауы мүмкін. Айта кететіні бұл жел ақшаның құны қазір шарықтап тұр. Бірлігіне тіпті 6 мың доллар беруге бар, виртуалды қаржыгерлер. Есесіне, Ұлттық банк төрағасы ауаға ақша құймай, зейнетақы қорындағы миллиондарды айналдырып, табыс табудың жолын қарастырып жатқан көрінеді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:
–Біз қазіргі қолданыстағы жинақтаушы жүйемен қатар бұрын болған бәсекелі зейнетақы қорларының тәжірибесін пайдалану дұрыс деп есептейміз. Менің ойымша сол кезде жасалған барлық қателік-кемшіліктерді ескерсек, жақсы жүйе жасап шығуға болар еді. Бұл ойларымызды Үкіметке толық жеткіздік. Қазір Экономикалық саясат кеңесі алаңында талқылау жүріп жатыр.
Талқылау табысты болса, кезіндегі қаптаған зейнетақы қорлары қайтып келеді. Бірақ бәсекелестер сонда да ұлттық оператор Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорына жалтақтайды.Мемлекет басшысының «ешкімнен қорықпа» деген батасымен қуаттанып алған жас төраға, осындай батыл бастамалар көтеріп отыр. Оған енді Үкіметтің батасы керек. Көпшіліктің алдына аракідік қана шығатын Ақышевтің айтқандары осы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!