Елімізде бензинге қатысты жағдай қайта ушығып барады
Елімізде жанармайға қатысты жағдайдың тұрақталатын түрі жоқ. Мәселен, шымкенттіктер көптеген бекеттерден бензин таппай дал. Жұрттың айтуынша, кейбіреуі талонмен берсе, енді біреуі 2000 теңгеден артық ақшаға сатпайды. Ал ең қымбат жанармай бағасы Шығыс Қазақстан облысындағы Үржар ауданында тіркеліп отыр. Қазір мұнда көп қолданылатын АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 180 теңгеден сатылуда. Әйтсе де, жүргізушілер баға шарықтағанымен, жанармайдың сапасы сын көтермейді деп отыр.
26.10.2017
Оңтүстіктің жүргізушілері бензин тапшылығынан зәрезап болуда. Мұнда ай соңына қарай шағын жанармай бекеттерінде бензин таусылған. Ал үлкен бектеттерде бензин 2 мың теңгеден артық ақшаға құйылмайды. Кейбірі тек талонмен беріп жатыр. Десе де жанар-жағар май қауымдастығының мамандары дүрлігудің қажеті жоқ дейді. Бензин азайған сайын «ертең көбейедімен» үміттендіріп отырғандар алдағы он күн ішінде күнгей ғана емес, ел көлемінде тапшылық жойыларынан үмітті.
Қайыпбек Қамбаров, ОҚО жанар-жағар май қауымдастығының төрағасы;
-Бізде қазір 4 мың 160 тонна біздің остаткада, облыста остаткада АИ-92 маркасы. Ал, дизель отыны 4800 тонна бар. Ол деген бір 4-5 күнге жетеді деген. Бірақ, дегенмен, күнделікті тағы да қосылып жатыр. Мысалы, кешегі күні 3-4 күн деп едік. Енді бүгін 4-5 күнге деп жатырмыз. Тағы қосылып жатыр.
Ал Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданында үлкен жанармай бекеттері жоқ. Барлығы жергілікті жеке кәсіпкерлердің қолында. Олар, алғашында АИ-92 бензинін 160 теңгеден саудалағанымен, артынша 20 теңгеге қымбаттатып жіберген. Ал АИ-95 190 теңге болды. Енді, жүргізушілер бұған бір апта бойы қадағалау жүргізе алмай жатқан аудан атқамінерлерін кінәлауда. Айтуларынша, тіпті шенеуніктер жанармай жеткізушілердің мұнысын қолдап отырған көрінеді. Бірақ оның сапасы АИ-80-нен еш айырмасы жоқ дейді жұрт.
Самат Еділбаев, көлік жүргізушісі:
-Қазір бізде сатып жатқан бензиннің сапасы өте нашар. Жалғыз мен емес, барлығы зар қағып жылайды. Мына жекеменшік бекеттерге бензин таситын бірақ машина. Онымен олар, солярка да, бензин де жеткізеді.
Бүгінде жұрттың жаппай наразылығынан кейін жанармай құю бекеттері бензин сатуды бірден тоқтатыпты. Қазіргі таңда аудан бойынша бір-ақ бекет жұмыс істеп тұр. Онда ұзын-сонар кезек қалыптасып, ал баға сол қалпы сақталған.
-Бензинге тұрған кептеліс. Кезек. Әнбе, 180-190 теңгеден.
Жағдайдың қашан тұрақталатынын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Ал қымбатшылыққа тап болған үржарлықтар, бұған құзырлы органдардың араласуын сұрауда. Олар жекеменшік жанармай бекеттеріне қатаң тексеріс жүргізілуін қалайды. Себебі, ондағы бензиннің нашарлығынан көліктерінің қозғалтқыштары жиі сыр бере бастаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!