Алматы облысында жүз бас малын ұрлатқан кәсіпкер әділдікке жете алмай жүр
Оның айтуынша, ұрының аты-жөні де белгілі екен. Күдікке ілінген бақташының әлі күнге жазаға тартылмағанына полицейлерді кінәлайды. Яғни, бір жылға жуықтаса да іс мүлдем алға жылжымаған. Ол аздай, арыздың ахуалын білуге барған шаруаны полицейлер бүгін де басқарма ғимаратына кіргізбей қойды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
27.10.2017
Сиыры мөңіреп, жылқысы кісінеген шаруа қожалығының аумағы қазір құдды жұттан шыққандай. Бүгінде мына үйілген мая шөптерді жейтін мал қарасы сиреген. Бұған ұры-қары себеп болыпты. Яғни, қожалық иесі Айтқали Әшімов 3 жыл бойы төрт түлігін баққан малшысы Айдос Жақыпов «қой терісін жамылған қасқыр» болып шықты дейді. 55 жылқысы мен 52 сиырын тып-типыл етіп, өзі де бір-ақ күнде жоқ болған. Ал, Жамбыл аудандық ішкі істер басқармасы түскен арызды түлкі бұлаңға салып, ақырында істі жауып тастапты.
Айтқали Әшімов, шаруа қожалығының басшысы:
-Прокуратура қайда қарап отыр? Ешқайда қарамайды, жабады. Содан кейін Сырбаевтың өзі зейнеткерлікке шығып кетеді. Екінші полицей де кетіп қалады. Ым-жымдары бәрі бірдей. Жүз бастан 5-6 басын берген шығар мүмкін. Мен жартысын берем. Бірақ, шаршадым, бір жыл болды.
Осы жазда жоғалған малға қатысты тергеу амалдары қайтадан басталды. Арада үш ай өтсе де тергеушілер тарапынан ешқандай шара қабылданбай отыр екен. Түсініктеме бермек түгілі, бізді ішкі істер басқармасының сыртқы табалдырығынан ары аттап бастыртпады. Білдей бір басқармада жұмыс уақытында жауапты бір адам табылмады. Тәртіп сақшылары ізім-ғайым жоғалған. Әйтсе де, тергеушілердің осынау немқұрайдылығынан аудандық прокуратура да хабардар екен.
Алмас Айдар, Жамбыл ауданы прокурорының орынбасары:
Толық жан-жақты жүргізілмегендіктен, біз қылмыстық істі қысқарту туралы қаулыны бұзып, қайта тергеуге жібердік. Сонымен қатар, осы іс бойынша нұсқау берілді.
-Жоғалған малға қатысты істің тұралағанына бір жылға жуықтады. Күдікті болғанымен, құзырлы органдар оның кінәсін анықтауға асықпайтын сыңайлы. Қол қусырып отырған енжар тергеушілерді енді прокуратура өкілдері жіті бақылауда ұстаймыз деп сендірді. Ал, өмір бойы жинаған бар мүлкінен айырылған Айтқали Әшімов айыпты жазасын алмай өліспей беріспеймін дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!