{metadescription}
Шенділердің жауапсыздығынан, қарапайым жұрт кемсітуге ұшырауда!
Шенділердің жауапсыздығынан, қарапайым жұрт кемсітуге ұшырауда!

Шенділердің жауапсыздығынан, қарапайым жұрт кемсітуге ұшырауда!

Маңғыстау облысында жылдап от жағатын әйелдер жұрттың «ыс сасисың» деп бетке басуынан шаршаған. Тіпті, соның кесірінен Басқұдық ауылындағы жұрт жұмыстан қуылып жатыр екен. Өзгелер айтқандай-ақ, түтін иісі ондағы тұрғындарға қатты сіңген. Өйткені, 170 үй 5 жылдан бері жылуға жарымай, отпен жан бағып келеді. Ылғи кемсіту мен қатты аязда бүрсең қағудан шаршағандар бүгін облыс әкімдігіне барып шу шығарды.

Басқұдық тұрғындары сақылдаған сары аязды үреймен күтуде. Өйткені, биыл тағы да қоқыс жағалап, отын жинаудан құтылмайын деп тұр. Сөйтіп, қыста жылдағыдай отпен күнелтпек. Кемсітуге де биыл тосқауыл жоқ. Өйткені, түтін иісі барда, «ыс сасисың» деген сөзді бұлар барған жерінде естиді.

Жұмагүл Серікбаева, Басқұдық ауылының тұрғыны:

- Мен өзім жұмыс жасай алмаймын. Қайда барсам да, үстіңнен ыс сасиды, от жағасың деп қабылдамайды.

Мұнда жылуға жарымай, әбден қор болған 170 үй бар. 5 жылдан бері көргендері осы. Ал, электр жылытқышты пайдалануға кез-келгеннің жағдайы жетпейді. Өйткені, жығылғанға жұдырықтай, биыл мұнда электр қуатының тарифі де аспандап кетіпті. Әсіресе, қыстай ауырып шығатын шиеттей бала-шағаға қиын.

Тазагүл Махмұтова, Басқұдық ауылының тұрғыны:

-Қыс келе жатыр. Салқын түссе балаларда пневмония, тұмау тапқан табысымыздың бәрі дәріге кетеді.

Газ сұрап, тұрғындардың бармаған жері жоқ. Жазатын жеріне жазып та жатыр. Әрқайсысының қолында шенділердің «бәрін қатырамыз» деген жауаптары да бар. Бүгін шыдамы таусылған тұрғындар, облыс әкімдігіне бір-ақ барды. Сөйтсе, о баста бұл ауыл жобалау жоспарына енбей қалыпты. Енді атқамінерлер соның құжаттарын ретке келтіріп жатқан көрінеді. Сөзін осылай бастаған шенді жұртқа тағы да уәдені үйіп-төкті.

Нұрлыбек Жолбаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары:

- 2017 жылы қаражаты бөлініп, қазір құжаттары жасалып жатыр. Жылдың аяғына дейін шығарамыз. Аманшылық болса, келесі жылы облысқа ұсынып, келесі жылы газ тартылатын болады.

Сондықтан, биыл да түтін иісі мен суыққа көнбеске амал жоқ. Есесіне, шенеунік 10 күннің ішінде әр үйге көмір түсіріп береміз деп сендірді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде