{metadescription}
Міндетті медициналық сақтандыру екі жылға шегерілмек
Міндетті медициналық сақтандыру екі жылға шегерілмек

Міндетті медициналық сақтандыру екі жылға шегерілмек

Міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасы тағы тығырыққа тірелді. Әу баста әлемдік тәжірибені елде оп-оңай енгізе қоямыз деген шенеуніктер енді мерзімді шегеруді сұрап отыр. Жүйе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды тани алмай, тоқтауға мәжбүр. Денсаулық сақтау министрлігі тағы екі жыл керек дейді. Десе де, мемлекеттік қызметкерлер мен жұмыс берушілерден ақша алуды тоқтатқысы жоқ. Мақтаулы сақтандыру жүйесі неге жұмыс істегісі келмейді?

-Шілдеде жүйе іске қосылды деп жарыса жар салған шенеуніктердің бастамасы осылай тежеліп отыр. Себеп - өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 млн 700 мың адам. Бұл халық сөзде жеке кәсіпкер болғанмен, ешбір мемлекеттік органда кәсіпкер ретінде тіркелмеген.

Яғни жүйе оларды жұмыссыз деп біледі. Ондай топқа мемлекет ақша аударуы тиіс. Алайда біздікілер тиісті органдарда жұмыссыз ретінде тіркелмейді. Сондықтан тәртіпке құрылған әлемдік норма Қазақстан қалыбын бөтенсіп тұр.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі:

-Мысалы Кореяда барлығы тіркелген. Оны кезінде ынталандырудың тетігі осы медициналық сақтандыру жүйесін енгізу болып еді. Сонда адам медициналық қызметті аламын деп тіркелуге барып еді. Біз енді кішкене басқаша, бірінші анықтап алайық, кейін енгіземіз деп жатырмыз.

Біз кішкене басқаша емес, мүлдем басқаша, тіпті керісінше істейін деп отырмыз. Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру туралы алғашқы сөз 2015 жылы айтылды. Сөйтіп сол жылы тиісті заң парламентке енді. Авторлар, дәлірегі сол кездегі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова табандылық танытып, депутаттарды көндіріп, өткен жылы заңды бекітіп ап шыққан. Шілдеде жүйе асығыс іске қосылып, ақша да жинала бастады. Енді шенділер депутаттарға тағы да асығыс, шегеріңдер деп құжат құшақтап келіп тұр.

Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық вице-министрі:

–Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға медициналық қызмет көрсету мерзімін 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бекітуді ұсынамыз. Жеке тұлғалар, кәсіпкерлер, жұмыскерлер мен әлеуметтік топтар үшін мемлекеттің төлемдерін де жиырмасыншы жылдан бастап жинау керек. Жұмысшылардың төлемдері 5 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілсін. Жұмыс берушілердің 1,5 пайыз көлеміндегі аударымдары 2018 жылы жүре береді. 

Ал аударымдар тәп-тәуір. Сақтандыру сақадай-сай болмаса да, біздікелер үзбей ақша аударуға маман. 17 млрд теңге жиналыпты. Мерзім шегерілсе, екі жылда 206 млрдқа жетпек. Ақша азаматтарды емдемесе де, жай жатқан жоқ.

Елена Бахмутова, Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының басқарма төрайымы:

– Ақша Ұлттық банкте сақталады. Олардың қаражатты сақтау және басқару жүйесі бар. Банк сеніп тапсырылған ақшаны сенімді қаржы механизмдеріне инвестициялайды. Басымдық бүтіндікке беріледі. Ал табыс екінші орында.  

Депутат Фахриддин Қаратаев, десе де қыруар ақшаның бүтіндігі үшін алаңдаулы. Халықтың зейнетақы қорындағы ақшасын келістіріп күзетпеген қаржыгерлерге күдікпен қарайды.

Фахриддин Қаратаев, Мәжіліс депутаты:

- Ертең оны ұрлап кетпесіне кім кепілдік береді? Әзірбайжанға  әкетті ғой мысалы, 75 млрд теңгемізді. Бүгінгі таңда таппай отыр. Сондықтан осындай мәселеге кім жауап береді деген ой туындап отыр.

Депутат мәселені мәнерлеп көтергенімен, жиын соңында көпшілікпен мерзімді шегеру туралы ұсынысты жапа-тармағай қолдап, министрліктегілерді шығарып салды.

-Бүгінгі отырыс қортындысы хаттамаға тіркеліп, парламенттің жалпы отырысының қарауына дайындалып жатқан заң жобасына енгізілді. Депутаттардың комитет деңгейінде бүгін артық сұрақсыз, шегеруді бір ауыздан құптағанын ескерсек, бастама көпшіліктің де қолдауына ие болуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде