Тікелей эфир: Алматыда бюджет ақшасын жеген шенділерге қатысты сот басталды
Алматыда ірі көлемде пара алып жатқан жерінен ұсталған " Қазавиақұтқару" және "Қазавиаорманқорғау" мекемелерінің басшыларына қатысты сот талқылауы басталды! Бүгін прокурорлар қос шендіге тағылған ұзын-сонар айыптау актісін оқыды. Сөйтсе, студенттік шақтан дос екеу қызметін пайдаланып, шетелдік компаниядан пара алып қана қоймай, мемлекеттің миллиондарын да оңды-солды шашыпты. Толығырақ сотқа қатысқан тілшіміз Нұргүл Нұрланқызы бізбен тікелей байланысқа шыққалы тұр. Нұргүл қайырлы күн. Сіз Тікелей эфирдесіз. Қос шенеуніктің сотынан не жаңалық бар?
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
30.10.2017
-Қайырлы күн, Ерланби! Қос шендінің ісі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда. Бүгін оған Төлеуғазы Сексенбаев пен Мәлік Досымбеков уақытша ұстау абақтысынан жеткізілді. Сотқа олардың 6 адвокаты қатысты. Сондай-ақ, айыпталушылардың тума-туыстары, прокурорлар және журналистер келген. Десе де, судья істі болып жатқан шенділерді камераға түсіруге рұқсат бермеді.
Бүгін прокурорлар оларға тағылған айыптау актісін оқыды. Тағылған айыптың көптігі сонша, ол 137 бетті құрады. Белгілі болғандай, Досымбеков пен Сексенбаев студенттік шақтан дос екен. Қылмыстарды да келісіп, бірге жүзеге асырған. Олар қытайлық компаниядан пара алғаннан бөлек, мемлекеттік қаржысын да талан-таражға түсірген. Мәселен, олар қос мекеге қарасты тікұшақтың ұшу тарифін құжат жүзінде тым қымбат етіп көрсеткен. Тіпті, Төлеуғазы Сексенбаев Шығыс Қазақстан облысындағы демалыс орнына өзі басшылық ететін мекеменің тікұшағымен ұшып барып, оның шығынын қазына қаржысымен жапқан. Тіпті, шенді Алматыдағы кілең байлар тұратын Бутаковка ауданындағы зәулім үйінің ауласын сыпыратын жұмысшының жалақысын да мемлекеттің ақшасынан төлепті.
- 2016 жылдың ақпанында Сексенбаев үйінің аула сыпырушысын құжат жүзінде "Қазавиаорманқорғау" мекемесіне жұмысқа алған. Ол мұндай әрекетке жұмысшының Айлығын қазына қаржысынан төлеу үшін барған. Сөйтіп, шендінің үйін сыпырса да, жұмысшы мемлекеттен жалақы алып келіпті. Тіпті, оған "жақсы жұмыс істегені үшін" сыйақы да берілген.
Айыптау қорытындысына сәйкес, Досымбеков те қазына қаржысын оңды солды шашқан. Тіпті, іссапарға шықса, өзіне миллиондап ақша жаздыртып алатын болыпты. Осы сияқты айыптар көп. Айыпталушылардың шілдеде ұсталғанын айта кетейік. Олар қытайлық компаниядан да тиісті құжатқа қол қойып бергені үшін 100 мың доллар талап еткен. Шетелдік компания бұл қаржыны біздің шенділерге банк арқылы аударған. Экс-басшылар сол ақшаны алып, банктен шығып келе жатқан жерінде ұсталған еді. Бүгін "Қазавиаорманқорғаудың" басшысы кінәсін мойындаған жоқ. Ал, оның серігі ішінара мойындап отыр. Досымбеков шетелдік компаниядан ақшаны уақытша алғанын айтады.
Енді алдағы сот процесіне сол параны берген қытайлық азамат пен өзге де куәгерлер шақырылды. Ал, тағылған айыптың көптігіне қарағанда, істің біразға созылатын түрі бар. Тергеудің өзі үш айға созылған болатын. Мендегі бар ақпарат әзірге осы, Ерланби?!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!