«Алматы тауерстегі» алапат өртке қатысты сот басталды
Былтыр қараша айында қаланың қақ ортасында тұрған бизнес орталығының бір бөлігі отқа оранған болатын. Соның ішінде өрімдей бес бала тұншығып өлген еді. Қайғылы жағдайға қатысты сот арада бір жыл өткенде енді ғана өтіп жатыр. Онда да өртенген ғимараттың өрт қауіпсіздігіне кім жауапты екені әлі белгісіз. Айыптың бәрі оттың тұтануына себепкер болған дәнекерлеушіге айтылып жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
30.10.2017
Былтыр қарашада болған алапат өртке қатысты сот отырысы бірнеше рет кейінге шегеріліп келген болатын. Сотқа келе-келе батут орталығының директоры Дәурен Тұяқовтың еті үйренгендей. Айыпталушы орындығында отырса да өзін байыпты ұстайды. Оған бір күндік қара жұмыс істеуге келген бес студентке өрт қауіпсіздігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген деген мемлекеттік айып тағылып отыр.
-Тұяқов «Батут орталығы» ЖШС-нің директоры бола тұра орталықты жылдамдатып іске қосу үшін жауапкершілікке немқұрайлы қараған. Өрт қауіпсіздігі бойынша тиісті дәрежеде түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.
Алты адамның өмірін жалмаған қайғылы жағдай былтыр қарашаның 6-сы күні болған еді. «Алматы тауерс» бизнес орталығындағы қосалқы ғимараттың алтыншы қабаты қызыл жалынның құрсауында қалып, 1800 ш.м. аумақтың күлі ғана қалды. Ондағы 54 жастағы дәнекерлеуші өртеніп емес, кейін түтінге уланғаннан қаза болғандықтан ол іс материалдарынан алынып тасталған. Мемлекеттік айыптау қалған бес баланың қазасы бойынша тағылып отыр. Бесеуінің де ата-аналары Тұяқовқа кешірім берген. Батут орталығының басшысы да оларға материалдық-моральдық шығындарын өтеп беріпті. Бірақ, Тұяқовтың адвокаты бұл оқиғаға ғимарат әкімшілігін айыптайды.
Жохар Өтебеков, Д. Тұяқовтың адвокаты:
«Алматы тауерс» ғимарат иелері кооперативі өз жұмысына жауапкершілік танытпаған. Яғни, ол жерде қарапайым су бүрку құралдары жұмыс істемеген. Соның кесірінен онда адам өліп отыр.
Сараптамаға қарағанда, дәнекерлеу барысында шоқ ұшып, от содан тұтанған дейді. Сол үшін тірі қалған екінші дәнекерлеуші де сотталып жатыр. Сондай-ақ, осы істе тағы бір жапа шегуші пайда болды. Батут орталығының қасындағы жылдам тамақтану орнының өкілдері бүкіл затымыз өртеніп кетті деп Тұяқовтан олар да 5 миллион теңге талап етті. Жалпы, бұл әзірге соттың басы ғана. Болмай қалған батут орталығының басшысы енді тағы бір зардап шегушімен есептесуі керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!