Тікелей эфир: Қырғыздар қажет қылмаған қаржының қайда жұмсалатыны белгілі болды
Бішкек 100 миллион доллар көлеміндегі техникалық көмектен бас тартқан соң, биылғы бюджеттің шығыны 14 миллиард теңгеге қысқарыпты. Қазір Мәжілістің жалпы отырысынан оралған тілшімізден Үкіметтің бұл ақшаны нақты қай салаға жұмсайтынын сұрап білейік.
Автор: Жәудір Оразхан
01.11.2017
-Жәудір, қайырлы күн. Сонымен, Үкімет қырғыздардан қайтқан қаржыны не істемек?
Қайырлы күн, Ерланби! Бүгін қазына қаржысына жауапты министрлер Мәжілісте 2017-2019 жылдарға арналған бюджеттің өзге де кірісі мен шығысы жайлы есеп берді.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Бішкекке техникалық көмек ретінде бөлінген 100 миллион доллар, яғни, 34 миллиардқа жуық теңгені қайтарып алып, үш салаға жұмсайтынын айтты. Шенеуніктер артық ақшаның бір бөлігін Рухани жаңғыру бағдарламасына пайдаланбақ.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-4,2 млрд. теңге Президенттің Рухани Жаңғыру бойынша бастамасын іске асыруға бөлінеді. 33 млрд. теңге əскери және ішкі істер органдарының қызметшілерінің бұрын көтерілген жалақыларын қаржыландыру үшін көзделеді. 22 млрд. теңге Назарбаев университетінің 2 және 3 іске қосу кешендеріннің құрылысын аяқтауға және академиялық блокты кеңейтуге бағытталды.
Яғни, миллиардтарға азаматтардың санасын жаңғыртпақ. Бұдан бөлек, ЭКСПО-ға да тағы 20 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржыға халықаралық көрме өткен павильондарды кеңсеге айналдыру үшін жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен.
-Жәудір, министрлердің есеп-қисабына депутаттар оңай келісе қойды ма?
Мәжілісмендер шенеуніктердің бұл жоспарларын қолдап отыр. Бірақ, кейбір саланы қаржыландыруға қарсы шыққандар болды. Мәселен, Айқын Қоңыров атышулы «ҚазАвтоЖолға» тағы 50 миллиард теңге беру орынсыз деп есептейді. Депутат бұл компанияның басышлары онсыз да былыққа батып жатқанын еске салды.
Айқын Қоңыров, Мәжіліс депутаты:
-Сіздер «ҚазАвтоЖолға» 50 миллиард теңге бөлмексіздер. Ал бұл компания биыл жемқорлық дауынан көз ашпады, басшылар 1 миллиард теңге жымқырған. Ал азаматтар жолдың сапасы нашар деп шағымдануда. Сонда бұл мекемеге неге ақша бөле береміз?
Бұған Инвестилиялар және даму министрінің жауабы дайын екен. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 50 миллиард теңгені компанияның шығындарына емес, жолдарды жөндеуге жұмсалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!