Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылмайтын болды
Бишімбаев бәрібір жауап береді! Бүгін Астана соты бұрынғы Ұлттық экономика министріне қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы адвокаттарының өтінішін қабылдамай тастады.
Автор: Досжан Маратұлы
01.11.2017
Әрі экс-министр процесс аяқталғанша тергеу изоляторында жатады. Өйткені, Бишімбаев қолхатпен бостандыққа жіберілсе, куәгерлерге қысым көрсетуі мүмкін дейді судья. Айта кетейік, бұрынғы Ұлттық экономика министрі 350 миллион теңге пара алды және Қызылордадағы шыны зауытының құрылысына бөлінген 1 миллиард 200 миллион теңгені ұрлады деп айыпталуда. Мәліметтерге қарағанда, жымысқы ойын іске асыру үшін «Болашақтың» түлегі қол астындағыларды ғана емес, бауырын да тартқан. Жалпы 23 адам сот алдында жауап беруде. Олардың 20-сы кінәларын мойындаған. Бишімбаев болса, сол күйі тағылған айыптармен келіспей отыр. Ал, шулы іс бойынша негізгі сот отырысы алдағы сейсенбіге белгіленді.
Сәлімжан Мусин, Қ.Бишімбаевтың адвокаты:
- Айыптау қорытындысын қолымызға енді ғана алдық. Сондықтан келесі сот процесіне дайындалып, үлгермей қалуымыз мүмкін. Мұнда не жазылғанын әлі білмейміз. Яғни, Бишімбаевқа тағы бірнеше бап бойынша айып тағылып немесе қысқарған болуы мүмкін. Сондықтан, енді материалды жан-жақты зерттеуіміз қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!