Нью-Йоркте қанды қырғын салған лаңкеске қатысты жаңа мәліметтер шықты
Нью-Йорктегі лаңкестің «Ислам мемлекеті» ұйымына мүлдем қатысы болмауы мүмкін. Америкалық мамандар өзбекстандықтың әрекетіне қарап, жүйке ауруына шалдыққан, жалғызбасты қаскөй дегенге тоқтап отыр. Сайфулло Саиповтың неліктен бұндай қадамға барғанын білу үшін, тергеушілер есін жиғанын күтіп отыр.
Автор: Азамат Алдоңғаров
01.11.2017
8 адамды көлікпен басып өлтірген манхэттендік террористке қатысты тың деректер шығып жатыр. Сайфулло Саиповтың Америкадағы жерлестері оны мейірімді, ұстамды деп еске алады. Сондықтан ауыр көлікпен адамдарды тірідей басып өлтірген лаңкестің қылмысы тергеушілер үшін жұмбақ болып тұр. АҚШ президенті Дональд Трамп ә дегеннен Саиповты ауру адам десе, Нью-Йорк мэрі Билл де Блазио «жортуылға жалғыз шыққан бөрі» деп, оның ДАИШ террорлық ұйымына қатысы жоқтығына меңзеді.
Қанды қырғын мектептің дәл жанында болған. Мына таспаны да сол оқушылар түсіргенге ұқсайды. Велосипедшілерді басып өтіп барып, жүк көлігі балалар таситын автобусқа соғылып тоқтапты. Лаңкес мінген көліктен хат та табылған. Онда «бұл терорлық акт Ислам мемлекеті ұйымы үшін» деп жазылған. 29 жасар қаскөйдің Сайфулло Саипов деген Өзбекстан азаматы екені белгілі. Грин-картаны лотореядан ұтып алған ол, 2010 жылы Америкаға көшкен екен. Жалғызбасты жігіт такси жүргізушісі болып істеген.
Джози Лис, оқиға куәгері:
– Лаңкесті өз көзімізбен көрдік. Көлігінен түк қалмады. Қара түсті киім киген, қауға сақалы бар. Қолында қаруы болды. Қатты шошып кеттік. Сосын бізге біреулер қашыңдар деді.
Қантөгіс АҚШ-та кең көлемде аталып өтетін хэллоуин мерекесі қарсаңында болды. Сондықтан қала әкімшілігі сақтық шараларын күшейтіп, күдіктілерді тексеріп жатыр. Ал біздің дипломаттар Нью-Йоркте қазақстандықтар көп екенін айтады.
Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Соңғы мәлімет бойынша қаза тапқандардың және зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Біздің Нью-Йорктағы дипломаттарымыз осы ахуалды бақылауды жалғастыруда.
Манхэттендік лаңкестің оқиғасы АҚШ тарихында көлік қолданумен жасалған алғашқы террорлық акт. Бұған дейін Ислам мемлекеті террорлық ұйымының содырлары Еуропа елдерінде көлікпен талай адамды басып өлтірген-ді.
-Сайфулло Саиповты жеке танитын азаматтар оның бұндай қадамға барғанына сенбей, таңданып жатыр. Бірақ, лаңкестің өмірде өте тұйық болғанын айтқандар да бар. Енді қылмыстың анық-қанығын білу үшін тергеушілер терористің отадан кейін тілге келгенін күтеді. Ал еліміздің Сыртқы Істер министрлігі Нью-Иорктегі консулдыққа тіркеуге алынғандардың тізімін тексеріп, жерлестерімізді түгендеуге кірісіп кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!