Шығыста қараша халық қара суға да жарымай жүр
Шығыс Қазақстан облысында тіршілік нәрінен тапшылық көрген ауыл тұрғындары жаңбыр суымен күнелтуде. Жұрт жауынды шелектеп жинап, қайнатып ішіп отыр. Ауылда қыруар қаржыға тартылған су құбыры бар. Бірақ, оның іске қосылу мәселесі биыл бітетін шаруа емес.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
02.11.2017
Бұл ауыл тұрғындарының жауын суын шелектеп жинап келе жатқанына осымен 5 жыл. Амалдың жоқтығынан оны сүзгіден өткізеді. Сөйтіп, сол суды кір жуғанда да, тамақ пісіргенде де пайдаланады. Ауылдан бір жарым шақырым қашықтықта ескі сорғы станциясы бар. Оның өзі де қираудың алдында тұр. Тұрғындар станцияны бірнеше рет өз қаржысына жөндетіпті. Бірақ, одан аптасына тек 2 сағат қана су алуға болады. Бірақ, ол да оңай емес.
Надежда Аникушкина, Белоусовка ауылының тұрғыны:
- Сорғы станциясы әрең жұмыс істеп тұр. Одан судың орнына бос ауа шығады. Сондықтан, көбіне тамшыдай су ала алмай қайтамыз. Жалғызбасты қарияларға тіптен қиын.
Ең қызығы, ауылда жаңа су құбыры бар. Оны шенділер 3 жыл бұрын тартыпты. Құрылыс басталғанда, әкімдік өкілдері жұртты биылғы жылдың күзінде суға қарық қыламыз деп сендірген. Бірақ, бұл тек сөз күйінде қалып отыр Жұртты құрғақ уәдеге тойдырып біткен ауыл басшылары бүгін де баяғы әдетіне басты.
Алексей Овчаров, Белоусовка ауылы әкімінің міндетін атқарушы:
- Тапсырыс беруші Глубоковский ауданының құрылыс бөлімі. Олар жобаның 2018 жылы аяқталатынын айтады. Яғни, құбыр келесі жылы іске қосылады.
Осылайша, келесі жылға дейін шыдамдылық танытуды сұрады. Бірақ, ауыл тұрғындары шенділерге сенуден қалған. Биыл су құбырының іске қосылмайтынын естіген олар енді қар суын ерітіп ішеміз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!