Шаңырақта шаң жұтқан ағайын шу шығарды
Алматыдағы осы ықшамаудан тұрғындары тағы да наразылық білдірді! Бұл жолы бас көтерген жұрт жаяу жүргіншіге арналған бірде-бір тротуар жоқтығын жеткізіп отыр. Әкімдіктен қайыр көрмедік дегендер, өзге де кемшіліктерді жайып салды. Сөйтсек, аталмыш мекенде әлі күнге дейін балаларға арналған бірде-бір ойын алаңы салынбапты. Көліктер ерсілі-қарсылы ағылатын бас көшеге жарық та тартылмаған.
Автор: Мақсат Мәліков
02.11.2017
Төзімі таусылған тұрғындар Шаңырақ-1 ықшам ауданы құрылған кезден бері жүргіншілер жолы салынбағанын айтады. Соның кесірінен көлік пен адам бір жолға таласып, басымызды қатерге тігетін сәттер жиілеп кетті дейді.
Райхан Қуанышова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Тротуар жоқ, арғы көшелерімізде арық та жоқ. Қар, жаңбыр жауса су мен қарды қай жаққақ жіберерімізді білмейміз. Көршілер бір-бірі бірімізге қар лақтырамыз. Әйтпесе қайда алып барамыз оны?
Қазір тұрғындар жаяу жүретін жалғыз жолдың да сиқы қашқан. Су және кәріз құбырын тартамыз деген жауапты мекеме қазу жұмыстарын жүргізіп, астан-кестеңін шығарып тастапты. Күн ашықта шаңға көміліп, жаңбырда балшыққа белшесінен бататын тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмейді.
Тұрсынай Әргенова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Баяғыда депутатқа айтқанбыз, сайлаған кезде. Бізге осындай-осындай жағдайлар керек деп. Депутатты сайладық, содан соң оның жүзін көрмедік. Бізге кім көмектеседі, о жағын білмей отырмыз мінекей.
Шаңырақтықтардың шамына тиген мәселе бұл ғана емес екен. Ықшамауданды кесіп өтетін бас көшенің 1 шақырымнан астамына әлі күнге дейін жарық тартылмапты. Қараңғы түссе көше бойында соқыр теке ойнағандай күй кешеміз дейді ашынған тұрғындар. Тіпті, асыр салған ойын баласының да айтар назы жетерлік.
Тоғжан Әмірханқызы, Алматы қаласының тұрғыны:
-Біздің Өтемісұлы көшесінде ойнайтын балалар алаңы жоқ. Үйімізде отырып жалығып кеттік. Сондықтан үкіметтен біздің көшемізге балалар алаңын салып берсе екен деп өтінеміз.
Құзырлы мекеме өкілдері болса, тұрғындардың жанайқайын жетік білетіндерін жасырмады. Жоспарға сай жұмыс істеп жатырмыз дегенімен, бар үмітті келер жылға артып қойды.
Ертіс Бесіров, Алатау ауданы ТКШ бөлімінің бас маманы:
-Жобалау сметалық құжаттамалар басталды. Енді инженерлік желілердің құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін, 2018 жылдың екінші жарты жылдығында жол жөндеу, жаңа жол салу және тротуар салу жұмыстары басталады.
-Жергілікті шенеуіктер уәдені үйіп-төгіп, тұрғындардың шағымын толықтай шешеміз дегенімен, балаларға арналған ойын алаңын салу мәселесі сол күйінде қалатын секілді. Себебі, әзірге ыңғайлы бірде-бір орын табылмапты. Сондықтан шарасыз балалар шаң жұтып, осы жолдың бойында доп қуалауға мәжбүр. Ал, кішкентайларының өміріне алаңдаған кейбір тұрғындар, балаларымызды үйге қамап ұстағаннан басқа амал жоқ дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!