Астанада элиталық тұрғын үйлердің адамдары батпақ кешіп жүр
Мәңгілік елде тұрып, ми батпаққа батып отыр. Астанадағы осы ірі даңғылға жақын тұратын жұрт бүгін шу шығарды. Айтуларынша, үйлеріне апаратын жол болмағандықтан, үш жылдан бері шалшық кешуге мәжбүр. Ал, әкімдік болса, Елордада емес ауылда жүргендей күн кешкен тұрғындарды жарылқауға асығар емес.
Автор: Досжан Маратұлы
02.11.2017
-Мәңгілік ел қақпасының ортасында тұрмыз. Арғы жағымызда Ақорда тұр. Барлығы тұр бірақ, біздің кіп-кішкентай жерімге ешқандай жағдай жоқ.
Жағдай жоқ деп ашынып жатқан жұрт Есілдің сол жағалауындағы «Есіл» тұрғын үй кешенінде тұрады. Бірақ, бұған сену қиын. Өйткені, айналаның астаң-кестеңі шыққан. Шалшық жолдарға жеңіл машина түгілі, жүк көліктері дебатып жатыр.
-Ал, жаяу жүргендерге мүлдем ауыр. Өйткені, таңертең сабаққа баратын кішкентайлардың да, жұмысқа шығатын үлкендердің де жүрер жолы осы. Ми батпақтан жөнді аяқ алып жүру мүмкін емес. Сондықтан тұрғындар етігінің сыртынан мынадай целлофан киеді.
Сәтгүл Досмағамбетова, Астана қаласының тұрғыны:
- Үлкен де, кіші де батпаққа батып құлап қалады. Аяғымызда бір-бір целлофан. Астанада отырып осындай жағдайда отырған әсіресе балаларға обал.
Лас аяқ-қиім мен целлофан мұң болған мәселенің бір бөлігі ғана. Мұнда шақырсаң такси келмейді. Жедел жәрдем болса, қалың лайдан қашам деп адасып зорға жетеді дейді жұрт.
Ләззат Жарылқасынова, Астана қаласының тұрғыны:
-Толғатып босанар кезде жедел жәрдем көлігі үйді таба алмай ұзақ жүрді. Өйткені, айналада құрылыс жүріп жатыр бәрі батпақ. Кейбір жолдар жабық. Сондықтан, адасқан дәрігерлердің көлігі ең соңғы сәтте әрең жетті.
Астанада тұрып, ауылда жүргендей күн кешкен тұрғындар енді жылдамырақ асфальт төселсе дейді. Өйткені, жыр болған жолдарға бұған дейін ұсақ тастар жайылғанымен, ары-бері өткен жүк көліктері оны жайпап тастапты. Ал, әкімдік болса, балшыққа батқан елордалықтарға келесі жылы асфальт төсеуге уәде етіпті. Тек бюджеттен ақша табылса ғана. Соған қарағанда целлофан осы жердегі өтімді тауар болып әлі біраз уақыт қалатын секілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!