Алматының орталығында аяқ астынан жарық өшіп, бағдаршамдар сөніп қалды
Кесірінен көше бойында көліктер қаңтарылып, ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Әсіресе, ірі даңғылдардың бойымен келе жатқан транспорттар діттеген жеріне жете алмай, жолаушылары көшеде босып кеткен. Ал, мамандар болса, жарты сағаттың ішінде апатты жағдайды ауыздықтадық деп отыр.
Автор: Мақсат Мәліков
02.11.2017
Алайда, оқыс оқиға түстен кейін болғанымен қаланың кейбір қиылыстарында әлі де бағдаршамның жарықтары жанбай тұр. Тіпті, жолды реттеуші жол сақшыларының да қарасы көрінбейді. Мамандардың айтуынша, әп-сәтте қала орталығындағы қозғалысты тежеп, жұртты әбігерге салған мұндай апатты жағдай өтек сирек қайталанды екен. Ал, қаланың оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігінде электр қуатының өшіп қалуына «Таулы Қырат» шағын станциясының кенеттен істен шығуы себеп болыпты. Арнайы құрылған комиссия 10 күннің ішінде ақаудың нақты неден кеткенін анықтайтын көрінеді.
Борис Бобенцов, «Алатау Жарық Компаниясы» жедел-диспетчерлік басқармасының бастығы:
-Шағын станция осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын тұрғызылған. Қай жағынан алып қарасаңыз да тозығы жеткен. Бірақ, оның үйінді топырақ үстіне орналасуы басты мәселеге айналып тұр. Сондықтан бағаналардың беріктігін арттыру үшін талай рет тер төккенімізбен, нақты нәтиже болмай тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!