Алматыда кілең «Гелендвагендерді» тонайтын ұрылар пайда болды
Қымбат көліктерге қырғидай тигендер тек шамын ғана шешіп әкетеді екен. Сонысымен де, қалталылардың әбден қытығына тиіп біткен. Өйткені, көліктің нақ осы қосалқы бөлшегі удай қымбат тұрады екен. Жапа шеккен темір тұлпар иелері сұғанақтарды өздері іздеуге көшкен.
Автор: Аруна Ортай
02.11.2017
Әлеуметтік желі бірінен соң бірі жарияланған міне мынадай суреттерден жарылғалы тұр. Әккі ұрылар басқа емес, Мерседестің құны 40 миллионнан асатын «Гелендвагендерін» таңдаған. Оның өзінде әдеттегідей, дөңгелегі мен терезесі емес, шамдарына жаудай тиіпті. Ұрыларға оңбай ұрынғандардың бірі - Әлішер Әукенбаев. Жігіт көлігінің көзінің үңірейіп тұрғанын тек таң атқанда байқаған.
Әлішер Әукенбаев:
-Фарлары қымбат болғаннан кейін шешіп алғаннан кейін бір топ бар шығар деп ойлаймын. Қайтадан айналып келсе, әңгіме кішкене басқаша болатын шығар.
Ал ұрлық түнде болған. Қайта жолға шығу үшін жігіт жарты миллионға шығындалыпты. Ал негізі осы марканың шамдары элиталық көліктердің ішіндегі ең қымбаты екен. Су жаңасы - 600 мыңнан 1 миллион 400 мың теңгеге дейін тұрады. Қолданылғаны да арзан емес. Кемі 200 мың теңгеден жоғары. Оны шешіп алу да екінің бірінің қолынан келе бермейді екен.
Қолының икемі бар ұрылар кілең элиталы тұрғынүйлердің маңын торуылдаған. Ал қолды болған қосалқы бөлшектердің қайда баратыны белгілі. Десе де, көлік бөлшектерін сататындар сұғанақтармен сауда жасамаймыз деп ат тонын ала қашып отыр. Түнделетіп көлік тонайтындар әлі ұсталмады. Есесіне, «Гелендваген» иелері олардан сақтанып, ерекше қымбат шамдарына жаппай gps орната бастапты.
-Мұндай қымбат көлігі бар қалталылар шамының жоғалғанына шамданып, полицияға шағымданбайды да. Бұл жолы да тек 1-2уі ғана арыз жазған. Ал қалғандары ол туралы тек әлеуметтік желіде айтыпты. Әрине, бұл жағдайда оларға ұрыны ешкімнің де ұстап бермесі анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!