Ақтау тұрғындарын көшедегі көліктердің жарысы шошытты
Түнгі қуғын! Өткен түні Ақтау көшелерінде жүк көлігімен желдей жүйткіп, ойран салған жүргізуші құрықталды. Әйтсе де, полицейлерге Камаз көлігін тоқтату оңайға түспепті. Яғни, қашқынды ондаған патрульдік көлікпен бір cағаттай қуалап жүріп әрең ұстаған. Құдды бір боевик кино көргендей шошынып қалған куәгерлердің айтуынша, жүк көлігінің жүргізушісі әуелі сауда павильонына соғып, кейін ізін жасыруға әрекеттенген.
Автор: Мақсат Мәліков
03.11.2017
Көшеде оңды-солды ойқастаған жүргізуші бірнеше мәрте жол ережесін де бұзып, жүргіншілер өміріне қауіп төндірген. Соңынан қуалаған сақшылар еш нәтиже шығара алмасын білгендіктен, жолға дөңгелекті жаратын тікенекті тізбек тарту арқылы жүк көлігін әрең тоқтатыпты. Қазір қашқын шумахерге қатысты жылдамдықты асырды, полицейлердің тоқта деген заңды талабына бағынбады және жол ережелерін бұзды деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, жүргізушінің спирттік ішімдік ішкен-ішпегені тексеріліп жатыр. Абырой болғанда, ақтаулықтарды аяғынан тік тұрғызған оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!