Дельта Банк салымшыларының ақшасын қашан алатыны әлі белгісіз боп тұр
Дельта Банк өзі қызметін тоқтатқанымен қоймай, клиенттерін де әуреге салып қойды. Оның салымшылары тірнектеп жинаған ақшасын әзір ала алмайды. Ол үшін бірінші банкті тарату туралы сот шешімі шығып, ол күшіне енуі керек. Одан кейін 14 күн ішінде депозиттерге кепілдік беру қоры Дельта Банк салымшыларының ақшасы аударылатын қаржы ұйымын анықтайды. Бұл банк қазір жабылу алдында тұр. Бұған дейін бірнеше рет «қара тізімге» ілінген мекеменің қызметін кеше Бас банк тоқтатып тастаған. Өйткені, ондағы ақша аударымдарына қатысты заң бұзушылықтар сол күйі ретке келмепті.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.11.2017
Дельта Банк клиенттерінің дәл осы қаржы ұйымын таңдағандары үшін бармақ тістеп отырғандары анық. Қазір бұл мекеменің қорында жеке және заңды тұлғалардың 92 миллиардқа жуық қаржысы жатыр.Оның 126 миллионы қарапайым адамдардың тірнектеп жинаған ақшасы. Бұл сомма «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен» қорғалған. Бірақ, азаматтардың депозитін қолына алуы үшін біраз уақыт қажет. Яғни, алдымен Дельта Банкті тарату туралы сот шешімі шығып, ол күшіне енуі тиіс.
Одан кейін 14 күн ішінде кепілдік беру қоры салымшылардың ақшасы аударылатын банкті анықтайды. Азаматтар депозитін сол қаржы ұйымынан ғана ала алады. Онда да, Дельта Банктің кейбір клиенті ақшасын түгелдей қайтара алмауы мүмкін.
Бақыт Қоғылов, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының» төрағасы:
- Депозит теңгемен сақталған болса, кепілдік беру соммасы 10 миллионнан аспайды. Ал, Дельта Банкте жинаған ақшасы одан асып кететін бірнеше клиент бар. Олар кепілдікке кірмейтін қаржыны банкті тарату комиссиясына шағымдану арқылы қайтарады.
Дельта Банкте көбіне ақшасын компаниялар сақтаған. Ал, заңды тұлғалардың депозитіне кепілдік беру қорының қатысы жоқ. Олар да миллиондарын банкті тарату кезінде алуы мүмкін. Бас банк талай ескертуді елемеген Дельта Банкті сотқа беруге ниетті. Бірақ, шағымды енді түсірмек.
Ұлттық банк бұл қаржы ұйымының қызметін кеше тоқтатқан болатын. Яғни, оны банктік операциялар мен бағалы қағаздар нарығында қызмет жүргізуге берілген лицензиясынан айырды. Әзірге Дельта банктің өкілеттілігі Данияр Ақышевтың бұйрығымен тағайындалған әкімшілікке өткен. Ол уақытша ғана жұмыс істейді. Яғни, банкті тарату туралы шешім шығып, сот арнайы комиссия құрғаннан кейін қызметін тоқтатпақ. Ал, мұның бәріне қаржы ұйымының қайта-қайта «қара тізімге» ілінсе де, заңды өрескел бұзуын тоқтатпауы себеп.
Саят Жұмабаев, ҚР ҰБ Банктерді қадағалау департаментінің бас маманы:
- Банк жүйелі түрде пруденциялық нормативтерді бұзуына байланысты, сонымен қатар, төлем және аудару операциялары бойынша өзінің міндеттемелерін орындамағынына байланысты қабылданып отыр.
Жабылу алдында тұрған мекеме бұған дейін де Бас банктің қаһарына ілінген. Мәселен, 18 мамырда азаматтардан депозит қабылдап, шот ашу құқығынан айырылған еді. Кейін дәл осы лицензиясынан тамызға дейін қағылды. Бірақ, Дельта Банк бұдан да нәтиже шығармай, Ұлттық банк оны лицензиядан айыру жазасын қарашаға дейін ұзартты. Міне, енді оның да сабақ болмағанын көріп отырмыз.
Тықыр таянған қаржы ұйымы маусымда аймақтардағы филиалдарын жапқан. Яғни, көп ұзамай түбегейлі жабылатынын сезсе керек, банк бірден 7 қаладағы бөлімшесінің жұмысын тоқтатыпты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!